
Өкінішке қарай, Заңғар Нұрланұлы АҚШ ашық чемпионатының финалына шыға алмады.
05.09.2025
Бес стадионның нешеуі салынады?
06.09.2025«Орал» спорт клубы тағы бір думан, тағы бір дүбірлі дода ұйымдастырды. Ол қала күні мерекесіне орай өткізілген «темір адамдар» жарысы. Яғни триатлоннан ашық қалалық турнир. Бұл – жай ғана спорт емес, бұл – қайсарлықтың, жігердің, ерліктің сынағы. Суға түсіп толқынмен арпалысқан, велосипедке мінгеніп желмен жарысқан, ал соңғы сәтте жүгіріп, өз-өзімен күрескен спортшылар көрерменге қайсарлық үлгісін көрсетті. Триатлонның философиясы да «Шегінбе, шыда, сынбай төз» дегенге келеді.
Барлық кедергілер мен қиындыққа және бәсекелестікке төтеп берген спортшылар жарысының қорытындысында үшінші орын қайсарлықпен көзге түскен Геннадий Сайфулинге, екінші орын намыстың найзасын сүйреткен Бауыржан Бекешовке бұйырса, қарсыластарынан оқ бойы озық болған Алексей Алиев жарыс жеңімпазы атанды.
Тек негізгі орындар ғана емес, арнайы атақтар да өз иесін тапты. Көрерменнің қошеметіне Бекарыс Аманкелдин бөленсе, Жарас Айтуаров су үстінде жүйрік шықты. Ал Сұлтан Мақсұт екі аяқта темір тұлпарды ерттегенде өзгелерді шаң қаптырса, Ерболат Мұхамбетов шымырлығымен дараланып, шынайы спорт әсемдігінің иесі атанды.
Ал жарыс жеңімпазы Алексей Алиевтің айтары айқын, сөзі салмақты:
– Триатлон – нағыз мықтылардың майданы. Жеңіске жеткеніме шын қуаныштымын. Орал – батырлар қаласы, Қазақстан – үздіктер елі. Осындай жарыстар көп болса, спорт та, салауатты өмір де биіктей береді! – деді ол жарыстан соң
Жүлдегерлердің бәрі «Орал» спорт клубының арнайы марапаттарына, медальдарына, сондай-ақ «Эдельфейс» компаниясының ақшалай сертификаттарына ие болды.
Бұл күн – тек спорт мерекесі емес, шыдамдылық пен намыстың салтанаты болды. Орал аспанында тағы бір мәрте «Қазақстан – мықтылардың елі!» деген рухты үн жаңғырды.
Түгелбай Бисен






