
«Ақ бидай-2025»: өңірдің қазақ күресі палуандары командалық үшінші орынға ие болды
19.09.2025
Қазақстан 3-жыл қатарынан күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды
22.09.2025Ұлт рухын асқақтатқан, Алатау баурайындағы дода – «Ақ бидай – 2025» ауыл спорт ойындары мәресіне жетті. Жарыстың әр күні өңір намысын арқалаған спортшылар үшін үлкен сын, халық үшін қуаныш пен мақтанышқа толы сәттерге толы болды. Бұл жарыста облыс командасы нағыз ерлік пен ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, ел үмітін ақтады.
Ауыл спортшылары арасындағы олимпиадада облыс спортшылары жекелей сында 9 алтын, 10 күміс, 9 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте 385 ұпаймен үшінші орынды иеленді. Бұл аймақ спортына қосылған сүбелі үлес, маңдай термен келген мәртебе.
Үшқоңыр, Талғар мен Қаскелең арасын спорт мерекесіне айналдырған он күндік жарыс қорытындысында облыс қоржынына алтын медальді салғандар кімдер?

Жекелей сында топ жарып, алтын медальға қол жеткізген спортшылар қатарында:
- Аударыспақта: Бекзат Мұсаев (62 келі) және Қайнар Қосмағұлов (100 келі);
- Дәстүрлі садақ атудың «Пута» нысанасында Мұрат Лұқпанов, «Орта Азия» стилінде Оразай Қайырсапин;
- Қазақ күресінде: Мейірім Айғали (82 келі) және Тайман Нұрғалиев (74 келі);
- Бес асықта: Мәриям Әлиева;
- Тоғызқұмалақта: Бектас Кенжеғалиев пен Қарақат Сәлімғали
Күмістей жарқыраған үміт иелері
Күміс жүлдеге ие болған спортшылар да өзгеден бір саты кем емес. Жеңіс тұғырынан табылып, өңір қоржынына ұпай салды.
- Аударыспақта: Азат Қабылқайыр (57 келі), Асуан Құсайынов (68 келі), Рүстем Қойбағаров (94 келі).
- Теңге ілудің «Қос құлаш» стилінде Мейрамбек Шияз.
- Жамбы атудың «Азия стилінде» Айдос Мұқанов;
- Кикбокстан — «фул-контакт» стилінде Дархан Оңғарбаев (63,5 келі);
- Жекпе-жекте Уәли Айбек (+93 келі);
- Дәстүрлі садақ атуда: Сырлыбай Ғалымжанов («Қалқан» нысанасы), Закира Жолсарина («Орта Азия» стилі).
- Қазақ күресінде:Нұрсұлтан Мырзахметов (90 келі);
- Тоғызқұмалақта: Ақбота Қоңырова.
Қола жүлде иегерлері — қажыр мен қайрат иелері
Үшінші орын иеленген спортшылар да аянбай тер төкті.
- Аударыспақта: Ерболат Бақтияр (+100 келі), Бекарыс Бейбітұлы (87 келі);
- Кикбокста: Досжан Ізден (81 келі), Әлихан Тілегенұлы (57 келі), Нұр Селим (61 келі), Нұрәділ Бусурманов (84 келі);
- Қазақ күресінде:Мерей Бердіғали (+100 келі);
- Гір тасын көтеруде: Виталий Бырко.
- Шағын футбол командасы

Командалық сында көрсетілген нәтиже де жоғары.
- Дәстүрлі садақ атудан ерлер командасы — алтын;
- Аударыспақтан ерлер құрамасы — күміс;
- Бәйге, жекпе-жек, дәстүрлі садақ ату (әйелдер командасы) және қазақ күресі командалары — қола;
- Тоғызқұмалақтан қыздар құрамасы — күміс жүлдегер атанды.
Осындай жүйелі түрде жасалған жұмыстың арқасында құрама үздік үштік қатарына енді. Он күн бойы талмай тер төгіп, жанкештілік танытқан облыс спортшылары 385 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте Түркістан мен Алматы облысынан кейінгі үшінші орынды иеленді. Бұл төгілген маңдай тердің, елге деген сүйіспеншіліктің, спортқа деген адалдықтың жемісі.
Алматы облысы біздің өңірді жатырқай қоймады. Өңір спортшылары төрт жылда бір өтетін доданың қоласын қанжығалап, үміт артқан елді қуанышқа бөлей алды. Енді төрт жылдан соң ауыл спорты олимпиадасын Қызылжар қабылдайды. Ендеше көрскенше, ақ бидай! Қош Алматы, кездескенше, Қызылжар.
Түгелбай Бисен





