
Жарасхан Тасмағамбетов Еділ Ишекеновті еске алу турнирінің үздік боксшысы атанды
06.10.2025
Бекайдар– «Жайық барысы»
09.10.2025Салауатты өмір салты – санамызда сіңісті болған ұғым. Спорт – соның тірегі. Елдегі балалардың шынығып, шымыр болуын қалайтынымызды жасыра алмаймыз. Бірақ сол арман әр балаға бірдей бұйырып жатыр ма?
Жасыратыны жоқ, қай бала болсын, спортқа келгенде алдымен чемпион болуды ойлайды. Біреулер жеңіске еңбекпен жетеді, екіншісіне мүмкіндік керек. Ал мүмкіндік дегеніміз күрмеуі көп дүние. Кей адамдар мүмкіндік дегеніміз спортзалдарының қолжетімділігі десе, енді біреулерге жақсы жаттықтырушы болса болды. Соның өзі біз үшін үлкен мүмкіндік дейді. Ел ішінде «Чемпиондар ауылдан шығады» деген сөз жиі айтылады. Дұрыс-ақ. Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Елдос Сметов бәрі ауылда туып, қазақ спортының көкжиегін кеңейткен азаматтар. Бірақ сол алыптар ауылда жүріп-ақ Олимп шыңын бағындырды ма? Жоқ, олардың спорттық жолы қалада жалғасты. Осы жерде ауыл мен қала баласының спортпен айналысу мүмкіндігі тең бе? Деген заңды сұрақ туады. Жауабы да әрқилы. Мәселен, қалада спортқа құштар балаға есік ашық. Зал да бар, стадион да бар, бассейн де, бапкер де табылады. Қаланың баласы гимнастикаға барам десе де, семсерлесем десе де жанын ұға алған ата-анасы жарайсың дейді. Ал турнир мен жарыс қалада аптасына бір өтеді. Ол жерде жеткіншек мол тәжірибе жинайды. Ал ауыл ше? Ауылдағы спорт дегеніміңз доп тепкен, асық атқан, ағаштан штанга жасап, арықтың жағасында жүгірген баланың еншісінде. Зал болса жақсы, жоқ болса, амал да жоқ. Бапкер табу бөлек әңгіме. Таланттар барымен жүріп, жеткеніне шүкір дейді. Қаладағы спорт мектеп интернатына түсуге мүмкіндік туып жатса артына қарамай көшеді. Бала қалаға қоныс аударған соң да ата-анаға оңай емес. Жолақысы бар, жатақ жайы бар, үйренісу бар. Шыңғырлаудың Алмазынан облыс орталығындағы спорт интернатына түскен жеткіншек қала өміріне үйренісе алмай, амалсыз ауылға қайтқанын көз көрді. Сондай ыңғайсыздық кесірінен жарқырай алмай, тасада қалған талант қаншама? Біз тек бір ғана мысал келтірдік. Одан басқа біз білмейтін қанша мысал бар? Облыс аумағында 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Соның 13-і аудан, ауылда. 9-ы қалада. Ауыл мектебінде 5303 бала жаттығып жүр. Қалада 8967. Бұған Оралдағы жекеменшік футбол мектептері мен спорт үйірмелерін қоссақ, айырмашылық тіпті айқындала түседі.
Әрине ауылда спорт жоқ деу шындыққа қиянат. Баланың қолы допқа табаны боз кілемге тимей жүрген заман емес. Ауылдағы ағайын баласын күреске де, боксқа де, волейболға да жетелеп апарады. Облыстық спорт басқармасының берген мәліметіне қарасақ, аудан мен ауылдағы спорт мектептері тәп-тәуір жұмыс істеп тұр. Бокс, баскетбол, еркін күрес, грек-рим күресі, волейбол, дзюдо, футбол, үстел теннисі, ауыр және жеңіл атлетика, шаңғы жарысы бәрі бар. Ұлттық рух ше? Оған да орын бар. Қазақ күресі мен тоғызқұмалақ, асық ату мен көкпар, теңге ілу мен бәйге, жамбы ату мен аударыспақ бәрі ауыл топырағында тамырын тереңге жіберіп келеді. Ұлттық жекпе-жек пен дәстүрлі садақ ату да ескерусіз емес. Жаттықтырушылар жайы ше? Аудан мектептерінде 381 бапкер еңбек етіп жүр. Бұл аз емес. Әрқайсысы баланың жүгірісінен үміт іздеп, жұдырығынан жарқыл күтіп жүрген азаматтар. Әрқайсы шәкіртінің техникасын түзеп, жарыс болса, жанына серік болып бірге шапқылап жүреді.
Көргеніміздей олимпиадалық, ұлттық спорт түріне ынтыққан бала ауылда жүріп-ақ жаттығу жасай алады. Ол көңілге демеу. Бірақ қысқы спорт түрлеріне қызыққан бала қайтпек? Қала баласы қаласа шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей, биатлон, допты хокеймен айналыса алады. Ал ауыл баласы үшін қыс деген қора тазалау, отын жару, су тасу. Әрине, бұл да еңбек, бұл да шынығу. Бірақ біз әңгіме етіп отырған спорт, үлкен аренаға бастайтын жол. Бір сәт облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынған сандарға үңілейік. Жуырда ғана өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сөз сөйлеген басқарма басшысы Бақдәулет Сәбитов облыста қысқы спорт түрлері қарқын алып келе жатқанын айтты. Қуантатын дерек. Өңірдің бас спортшысы шорт-трекпен 115, мәнерлеп сырғанаумен 53, шайбалы хоккеймен 96, допты хоккеймен 131, шаңғы спортымен 73 бала айналысатынын айтты. Ал осыдан бірер жыл бұрын ашылған Бөрлідегі биатлон спортымен жаттығатын балалардың нақты сан көрсетілмеді. Қысқы спортта да жетістігіміз жетерлік. Ол да көңілге медеу. Бірақ көрсетілген алты спорт түрінің тек біреуі ғана аудандарда бар. Ол шаңғы жарысы. Қалғанының бәрі облыс орталығындағы балаларға ғана бұйырған.

Бір қорытқанда
Ауылдағы ағайынның ұлы да, қызы да спорттан алшақ деп айта алмаймыз. Бірақ, бәле “бар” мен “таңдау бар” дегеннің ара-жігінде болып тұр. Ауылда спорт бар. Бар болғанда, ең қарапайым түрлері. Шаңғы жарысы, футбол, күрес бар. Онымен шұғылданушылар да жетеді. Ал қыз бала қызығатын көркем гимнастика қайда? Спорттық бидің залы қайда? Секіріп-төңкеріліп жүретін акробатика қайда? Биліктегі бір апамыз айтқандай. Өкінішке орай болып тұр…
Қалаға іргелес ауылдағы кейбір ата-аналар көркем гимнастикамен шұғылданам деген қызын көлікке салып, облыс орталығына алып келіп жүр. Бұл да бір амал. Бірақ алыстағы ауылдың қызын кім тасиды? Өңірдегі кей аудандардан Оралға жету үшін бір күніңді сарп етесің.
Аптаның 4 күнінде қызын облыс орталығындағы гимнастика мектебіне таситын переметныйлық Альбина Суханова.
–Екі жылдан бері қызым көкем гимнастикамен айналысады. Алғашында сенбі, жексенбі күндері келіп жүрдік. Бір жылдан бері ортаншы топқа ауысқан қызымды аптаның 4 күнінде 40 шақырым жердегі Орал қаласындағы залға тасимыз. Көбіне Оралда жұмыс жасайтын әкесі алып барады. Каникул кезінде оңайырақ боған. Қызым екеуміз қалада болдық. Ал мектеп басталған шақта әкесі таңмен жұмысқа кетеді. Түсқайта ауылға келіп қызын жаттығуға алып барды. Жаздыкүні жақсы. Ал қыста үйге қаранғы түскенде бір келіп жатады. Бірақ қызымыздың қалауы спорт болған соң көнеміз,–дейді Альбина.
Былай қарасаң, спортпен айналысу мүмкіндігі бәрінде бірдей. Бірақ таңдау мүмкіндігі жоқтың қасы. Таңдау болса неге қыз бала тек шаңғы теуіп, доп қуалап, боз кілемде алысып жүруі керек? Неге ол да залға кіріп, әдемі қимыл мен нәзік иілу арқылы шеберлігін шыңдамайды? Ауыл баласының да арманы асқақ. Бірақ сол арманына апарар жол кейде тапшы, кейде шоқалақ. Ауылдарда дамып жатқан жоғарыдағы спорт түрлеріне қызықпаған ұл-қыздар қай спортты таңдай алады? Міне, мәселе осында болып тұр.
Сондықтан, ауылдағы спорт дегенде тек доп пен шаңғы емес, таңдау еркіндігін де ойлау керек.

Шешу жолы бар ма?
Әрине бар. Бірақ ол көп қаражат пен ұзақ уақытты талап етеді. Жақында ғана облыстық басылымдардың біріне берген сұхбатында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов биыл өңірде 14 спорт нысаны пайдалануға берілетінін айтты. Қуанасың. Бірақ олар жеткілікті ме?
– Ақжайық ауданына қарасты Есенсай ауылында салынған спорт кешені ғана мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылды. Қалған нысандар демеушілердің арқасында салынуда. «ҚПО б.в.», «Самұрық-Қазына Траст» және «Freedom Finance» секілді компаниялар демеушілік жасап отыр, – деді Бақдәулет Маратұлы.
Одан бөлек, «Қазақстан халқына» және «Батыр боламын» қорлары тізе қосып Ақжайық ауданында екі ангар салып, 10 ауылдағы спорт нысандарын жаңғыртпақ. Бұл сол ауылдардың баласы енді сыныптан шығып, алаңсыз жаттыға алатындай мүмкіндікке ие болады деген сөз. Әрине, мұның бәрі үлкен жұмыс. Бірақ ол жеткілікті ме? Облыста 147 ауылдық округ, 413 елді мекен бар. Мектеп жасындағы бала саны126 мың. Соның 14 мыңға жуығы ғана спортпен шұғылданады. Бұл төрт баланың біреуі ғана. Иә, бәрі спортшы болуы шарт емес. Бірақ спортпен шұғылданамын дегенге есік ашық, мүмкіндік бірдей болғаны жақсы. Ал кей ауылдарда доп тебетін тегіс алаң мен белдесетін бір кілем, жаттығатын спортзал да жоқ. Бүгінгі шындығы сол. Мұны жасыруға болмайды. Облыстағы он екі ауданның шамамен алпыс ауылында спорт нысаны жоқ. Жоқтың қасы деуге де келмейді. Ал бар дегеніміз әйтеуір бар. Бірақ заман талабына сай келе ме? Келмейді. Тұрғындардың қажетін өтей ме? Өтемейді.
– Кез келген елді мекенге спорт нысанын беталды салып тастау ойда жоқ. Әуелі ауылдың спорттағы белсенділігіне, халқының санына, сұранысына қараймыз. Содан кейін барып нақты шешім қабылдаймыз, – деді басылымдарға берген сұхбатында Бақдәулет Сәбитов.
Міне, осының айғағы Қазталов ауданына қарасты Көктерек ауылы. Бұл ауылда арқан тартудан алдына жан салмайтын жастар бар. Қарапайым арқанға жармасқан жігіттерге арнап көлемі 12/50 болатын спорт ангарын салу жоспары жасалып отыр. Қажетті қаражат есептеліп, құжат қағазға түсті. Егер жоспар жүзеге асса, арқанмен аты шыққан Көктерек жастары алаңда күресіп, татамиде тайталасып, залда жаттығатын күнге жетеді. Бөкей ордасы ауданы да бұл бастамадан шет қалған жоқ. Бисен ауылы шекара түбіндегі тыныш ел. Бірақ сол тыныштықтың ішінде күре тамырдай бүлкілдеген жас күш, жас үміт бар. Жергілікті билік бұл ауылға спорт нысанын салуға жер телімін белгілеп қойыпты. Енді ойдағыны қолға түсірсе, ауылдағы баланың алаңсыз жаттығуына мүмкіндік туады.
Бәрі бір күнде бола қоймас. Бірақ біртіндеп жұмыс жасалуда. Қажеттілік толық өтеле де қоймайды. Бірақ мұны да ілгерілеу деп ұғайық. 147 округ пен 413 ауылға спорт нысанын бірден салу мемлекет бюджеті үшін де мүмкін емес. Ал кез-келген демеуші ондай жомарттық жасай қоймайды.
Түйін
Сонымен, ауыл мен қала баласының спортпен шұғылдану мүмкіндігі бүгінде бірдей ме? Жоғарыда көрсетілген ауылда да қалада да дамытылып жатқан олимпиадалық, ұлттық спорт түрлерінде мүмкіндік бірдей. Бірақ қысқы спорт түрлері ауылдарда мүлде жоқ. Көбіне қыздар айналысатын көркем гимнастика ауылда атымен жоқ. Бір жылда салынатын 14 спорт нысаны мен бірді-екілі ауылда бой көтеретін ангарлар мектеп жасындағы 126 мың баланың барлығына қолжетімді бола қоймасы анық. Бірақ дәл қазір осыған да қанағат етуге тура келеді.
Түгелбай Бисен





