
Ауыл баласы мен қала баласының спортпен айналысу мүмкіндігі тең бе?
08.10.2025
Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жекпе-жекке келісімшартқа қол қойды
10.10.2025Қазақ күресінен өтетін ең беделді жобалардың бірі – «Қазақстан Барысы» турнирі. Ел апайтөстерінің айқасына өңір палуандар да тыңғылықты дайындалды. Күні кеше “Жайық Арена” спорт кешенінде өңір боз кілем шеберлері бас қосып, Астанада өтетін турнирдің басты додасына берілер жолдаманы сарапқа салды. «Жайық барысы» атағы үшін таласқан палуандар сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Байрақты бәсекеде аудандық және қалалық кезеңдерде топ жарған 25 үздік палуан бозкілемге шықыт. Сайыстың ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдаулет Сәбитов қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.
– Бұл жай ғана спорттық жарыс емес, бұл ұлттық күресіміздің деңгейін айқындайтын, өңір намысын қорғайтын мықтыларды анықтайтын дода. Ең мықтысы ғана алдағы республикалық кезеңге жолдама алады. Барша палуандарға сәттілік тілеймін. “Жайық барысы” атанған мықтының жеңісті жолы турнирдің республикалық кезеңінде де жалғасын тапсын – деді басқарма басшысы.

Көпшілік зор қызығушылықпен тамашалаған сайыс тартысты әрі әсерлі өтті. Белдесулер барысында палуандардың шеберлігі, тактикалық дайындықтары мен төзімділігі ерекше көзге түсті.
Нәтижесінде, Казталов ауданының палуаны Бекайдар Меңдешев “Жайық барысы” атанды. Ал екінші орын Тасқала ауданынан келген Эльнар Жанболатұлына бұйырды. Ал үшінші орынды Шыңғырлау ауданының палуаны Құсайын Ерболатовқа қанжығалады.
Енді Бекайдар мен Ернар 18 қазан күні Астана қаласында өтетін «Қазақстан Барысы» турнирінің республикалық кезеңінде Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.
Айта кетейік, «Қазақстан Барысы» турнирі – ұлттық спорттың мәртебесін көтеруге, палуандардың шеберлігін шыңдауға бағытталған ауқымды спорттық жобалардың бірі. Бұл додада елдің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылар бақ сынайды.
Түгелбай Бисен,
Фото: Ернұр Файзолла





