
«Қазақстан Барысы – 2025»: Бура сан, бөрі кеуде палуандар алаңға бет алды
13.10.2025
Жас тұлпар – Жайықтан шыққан жауқазын үміт
15.10.2025Күн санап дүбірі жақындап келе жатқан қазақ күресінің ең басты додасы «Қазақстан барысы – 2025» турнирі әдеттегідей елдің көз тігер басты спорт оқиғасының бірі болары анық. Елорда төрінде өтетін бұл сайыста әр облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың мықтылары, сондай-ақ «Әскер барысы» бәсекесінде топ жарған палуандар бас қосып, ең мықтыны анықтайды.
Биылғы аламанға 43 палуан қатысады. Олардың ішінен оза шыққаны алтын тайтұяқ, чемпиондық белдік, және ең бастысы, «Қазақстан барысы – 2025» атағын иеленеді. Қазақтың төл күресі, текті өнердің туын көтеріп жүрген сайыпқырандар үшін бұл абыройдың асқар биігі.
Жуырда ғана өткен «Жайық барысы» іріктеу турнирінде өңір намысын қорғайтын қос палуан анықталды. Алаңда айбар танытып, қарсыласын қапы қалдырған Бекайдар Меңдешев пен күміс жүлдегер Эльнар Жанболатұлы ендігі сында ел атынан елордалық кілемге бет түземек.
Бүгінгі мақаланы біз осы Бекайдарға арнауды жөн көрдік.

Бекайдар палуан 1998 жылдың шілде айының 22-сінде Казталов ауданына қарасты Көктерек ауылында дүние есігін ашқан. Бекайдар жастайынан күрес өнеріне ден қойды. Боз кілемдегі алғашқы қадамдары Орақ Батырбекұлының жетекшілігімен басталды.
2013 жылы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан ол Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне оқуға түсіп, спорт пен білімді қатар алып жүрді. Өз қатарластарының арасында ерте танылған палуан 2018 жылы жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында қола жүлде иеленіп, ел көзіне түсті.
Арада бір жыл өткенде-ақ ол биік белесті бағындырды: 2019 жылы жастар арасында өткен ҚР чемпионатында алтын медаль еншілеп, спорт шебері атанды. Содан бері талай республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Бекайдардың қазақ күресіндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі 2021 жылы «Қазақстан барысы» додасына қатысуы. Бұл кез келген палуан үшін армандар асу. Ал биыл ол сол тәжірибесін кәдеге жаратып, үлкен сеніммен боз кілемге шықпақ.
2013 жылдан бері белгілі жаттықтырушы Дамир Рамазановтың қол астында шеберлігін шыңдап келе жатқан Бекайдар тек күш иесі ғана емес, парасатты палуан. Жайық жұртының үмітін арқалаған балуаннан бұл жолы да үлкен нәтиже күтілуде.
Бекайдар Меңдешев – тек ауданның емес, барша Батыс өңірінің абыройын асқақтатуға бел буған баһадүр. Алда жеңіспен өрілген жол. Боз кілемде жолы болсын дейміз!





