
ArtLine Kazakhstan: Қазақстан командасы жаңа биіктерге жету жолында
20.10.2025Даңқты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин әлемдік спорт тарихындағы айтулы оқиғаның кейіпкеріне айналды. Римде өткен халықаралық конгрессте ол бірауыздан World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Бұл – тек жеке жетістік емес, әлемдік деңгейдегі спорт ұйымын басқару құқығына ие болған алғашқы қазақстандықтың тарихи белесі.
Әуесқой бокс әлемінің екіге жарылуы
Соңғы жылдары әуесқой бокс жүйесінде айқын жіктелу орын алды: бірқатар елдер жаңа құрылған World Boxing ұйымын таңдаса, келесі бір бөлігі Ресей өкілі Умар Кремлев басқаратын IBA-ның ықпалында қалды. Бұл тартыс бокс қауымдастығын жаңа құрылымдар іздеуге мәжбүр етті.
World Boxing – қалай және не үшін құрылды?
World Boxing 2023 жылы әділдік пен ашықтық қағидатына негізделген жаңа ұйым ретінде дүниеге келді. Оның алғашқы мүшелері қатарында Австралия, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Канада, Моңғолия, Нидерланд, АҚШ және басқа да мемлекеттер болды.
2024 жылдың соңында оларды Қазақстан мен Өзбекстан да қолдап, жаңа ұйымға қосылды. 2025 жылдың басында құрамында 60 мемлекет болса, бүгінде 125 елге дейін ұлғайды.
ХОК пен IBA арасындағы дағдарыс
2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін-ақ IBA төрешілік жанжалдардың салдарынан сынға қалған еді. Олимпиадада қазақ боксшысы Василий Левит ресейлік Евгений Тищенкомен кездесуде айқын басымдық көрсетсе де, күмәнді шешіммен жеңіліп, халықаралық қауымдастық наразылығын тудырғаны әлі ұмытылған жоқ. Сонымен бірге ирландиялық Майкл Конланның әділетсіз шешімге қарсылық білдіруі де ұйымның беделін төмендетті.
Жылдар өткен сайын IBA-дағы проблема тереңдей түсті. Ақыры 2024 жылдың шілдесінде Халықаралық олимпиадалық комитет ұйымды Олимпиада қозғалысынан толықтай шеттетті. Олимпиадалық бокс болашағы қыл үстінде тұрды.
Осы жағдайда ХОК 2025 жылдың ақпанында World Boxing-ті уақытша мойындап, Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасының іріктеу жарыстары мен турнирлерін өткізу құқығын берді. Бұл әуесқой бокстың Олимпиада аренасында сақталуына негіз болған шешуші қадам.

Қазақстанның жаңа бағытқа бұрылуы
2024 жылдың шілдесінде Геннадий Головкин Қазақстан бокс федерациясына батыл ұсыныс жасады: ел спортының Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі үшін IBA-дан шығып, World Boxing-ке қосылу. Осы мәлімдемеден кейін ресейлік ақпараттық ресурстар GGG-ге қарсы қаралау науқанын бастағаны да белгілі.
Алайда Головкин алған бетінен қайтпады. Сол жылдың қыркүйегінде ол World Boxing ұйымының олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Бұл комиссия ХОК-пен тікелей байланысты үйлестіретін маңызды орган.
Кейінірек Головкин АҚШ-тың Пуэбло қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатына қатысты. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде өткен ересектер арасындағы тұңғыш әлем чемпионатында Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, тарихи жетістікке жетті.
World Boxing-тің күшеюі IBA-ны алаңдатты
Умар Кремлев басқаратын IBA өз ықпалын сақтау үшін түрлі қадамдарға барды. Тіпті 2025 жылғы әлем чемпионатын Стамбулдан ауыстырып, БАӘ-ге өткізуге дейін барғаны ұйымның ішкі тұрақсыздыққа түскенін аңғартты.
Головкиннің миссиясы
Президент болып сайланғаннан кейін Геннадий Головкин былай деді:
«Мен үшін World Boxing ұйымының жаңа президенті болып сайлану – үлкен мәртебе. Бірақ бұл – тек бастамасы. Енді біздің әр шешіміміздің негізінде спортшылар мүддесі тұрады. LA28 жолында біз олимпиадалық боксқа деген сенімді қайта қалпына келтіріп, Брисбенде және одан әрі нық орнығамыз. Біртұтас бокс отбасы ретінде алға жылжитын уақыт келді».
Бұл сөздер ұйымның ресми сайтында жарияланып, бүкіл әлем боксшыларына жаңа үміт отын жақты.
Әлем боксының тізгінін қолына алған отандасымызды алғашқылардың бірі болып ел президенті құттықтады. Артынша туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өз инстаграмына арнайы пост салып, Генаға сәттілік тіледі.
Ал «Казинформ» басылымына сұхбат берген Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев алдағы үш жылда Генадий Головкин тынымсыз еңбек етсе, алдына қойған мақсатына жететініне сенімділік белдірді.
Қорытындылай айтқанда, Геннадий Головкиннің World Boxing президенті атануы тек жеке тұлғаның жеңісі емес. Бұл қазақстандық спорттың, әділдік пен ашық бәсекені жақтаған жаңа бокс дәуірінің бастауы. Әлемдік аренада қазақ боксшысы жетекшілікке келгені еліміздің спорт тарихында алтын әріппен жазылар оқиға.
Түгелбай Бисен





