
«Ақбидай-2025» батысқазақстандықтар жүлде санын арттыруда
15.09.2025
Мерей Бердіғали «Ақ бидай-2025» ауыл спорты ойындарының қола жүлдегері
18.09.2025Еркін күрестен Қазақстан Ұлттық құрамасы үшін Загребтегі ересектер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Ол туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады. Хорватия астанасында ел палуандары 10 салмақта сынға түсті. Нәтижесі 2 қола. Ол жүлдені жарыстың алғашқы жарыс күні бозкілемге шыққан 61 келідегі Асылжан Есенгелді мен 70 келіде белдескен Нұрқожа Қайпанов иеленді. Хорватиядағы жарыстан соң Нұрқожа әлем чемпионаты жүлдегерінің толық қорын жинады. Ол 2019 жылы Қазақстанда күміс, былтыр Албанияда алтыннан алқа тақты.
Сондай-ақ кеше тағы бір отандасымыз Камиль Куруглиевқола жүлдеге таласты. Ол 92 кг дейінгі салмақта 3 дүркін Азия чемпионы ирандық Амирхосейн Биглар Фиразпурға есе жіберіп, үздік бестіктен көрінді. 20 жастағы ақтаулық палуан бір ай бұрын Болгарияда өткен аталған жас санатындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы дүниежүзілік бәсекесі.

–Хорватиядағы әлем чемпионатын 2 қола жүлдемен аяқтадық. Біз жүлдеге таласады деген бірнеше спортшы үмітті ақтай алмады. Олардың бар мүмкіндігі болды. Жеребе де жақсы түсті. Жоспар бойынша 4-5 медаль аламыз деп келген едік. Ересектер үшін биылғы халықаралық жарыстар аяқталды. Алда кемшіліктерді түзеу үшін жұмыс істейміз»,-деді құрама бас бапкері Мадияр Құрамысов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Назарыңызға соңғы 5 әлем чемпионатындағы Қазақстан еркін күрес құрамасының нәтижесін ұсынамыз:
Былтыр Албания астанасы Тиранада 1 алтын (Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша өткен). 2023 жыл, Белград – 1 алтын, 1 қола медаль, 2022 жыл, Белград 1 қола медаль,2021 жыл, Осло – медаль алмады, 2019 жыл, Нұр-Сұлтан қаласы – 2 күміс, 2 қола медаль.
Сонымен қатар бүгін Халықаралық күрес федерациясы (UWW) келесі жылы ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтетін мемлекетті атады. 2026 жылғы күрес әлемінің үздіктері 5-13 қыркүйек аралығында Бахрейннің Манама қаласында күш сынасады.
Айта кетейік, Загребтегі бәсекеге еркін күрестен 62 мемлекеттің таңдаулы 307 спортшысы қатысты. Олардың қатарында алты Олимпиада чемпионы, он төрт олимпиада жүлдегері, жеті әлем чемпионы және жиырма үш Азия мен Еуропа чемпионы болды.
Айта кетейік Хорватиядағы күрес түрлерінен әлем чемпионаты 21 қыркүйекке дейін жалғасады. Алдағы күндері әйелдер және грек-рим күресі палуандары медаль таласына түседі. Елімізде бәсекені Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр.
Дереккөз: Спортты дамыту дерекциясы





