
Құрама тізгіні Талғатқа табысталды
30.09.2025
Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына (IBHOF) ұсынылды!
02.10.2025Шыңғырлау!
Тарихы терең, тамыры берік, рухы биік топырақ. Ел ішінде «Шағын Куба» атанып кеткен бұл өңір – былғары қолғаптың бабын тапқан, шаршы алаңда шын мықтыны танытқан талай саңлақты түлеткен мекен. Осы өңірде туып-өскен, тағдыры қысқа болса да, ғұмыры мағыналы, ел есінде елеулі із қалдырған бір азамат бар. Ол – Еділ Хамидуллаұлы Ишекенов.
Қазақ: «Ер өлмейді – аты қалады» дейді. Сол рас сөз!
Биыл Еділ есімін ұлықтаған турнирдің алауы 32-рет жағылды. Бұл – ел ерге көрсеткен құрметі, ұрпақ санасында өнегелі өмірді өрнектеп қалдырудың жарқын көрінісі.

250-ге жуық жас боксшы!
15 салмақ дәрежесі!
4 күнге созылатын дүбірлі дода!
Бұл – жай ғана жарыс емес. Бұл – Еділ арманының, Еділ ізінің жалғасы, аға ұрпақ салған сара жолды жалғаушы жастардың алғашқы баспалдағы!
Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Алматы облыстарынан келген командалар, өзге де аудандардан ат терлетіп жеткен жас өрендер бәрі де бір мақсат, бір мұратпен Шыңғырлау төрінде бас қосты: Шын мықтыны анықтау!
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев бастаған азаматтар, облыстық спорт басқармасының өкілдері, Еділдің көзін көрген бапкерлер, жанкүйерлер мен демеушілер жиналды.
– Еділ бауырымызды еске алу турнирінің тарихы тереңде. Бұл – біздің жадымыздағы жарық шырақ. Шыңғырлау шаршы алаңынан шыққан талай саңлақ ел намысын қорғап жүр. Биылғы додаға келген жас былғары қолғап шеберлері де сол жолды жалғайды деген сенім зор. Бағы мен бабы қатар шапқан жас жеңімпаз – елдің ертеңі! – деді Мұрат Амангелдіұлы.
Сол сәтте сөз алған білікті бапкер Александр Пятин Еділдің бойындағы ерлік пен еңбекқорлықты тебірене еске алды.
– Ол – тек мықты боксшы ғана емес, асыл азамат болатын. КСРО олимпиада құрамасының үміткері атанды. Спортта ғана емес, өмірде де әділдігімен, адалдығымен ел есінде қалды, – деді бапкері жүрегімен сөйлеп.

Рас сөз.
Еділ Ишекенов 1978 жылы алғаш рет бокс қолғабын киді. Бапкері – Александр Ильич Пятин. Жас баланың бойынан ұшқынды алғаш байқаған да сол ұстазы. Ал дарынды жасты тануда жаңылмаған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Драч оны Маңғыстауға алып кетіп, үлкен спортқа жол ашты.
Ақтаудағы мектеп, Санкт-Петербургтегі Лесгафт атындағы институт, КСРО кубогінің екі дүркін финалы, Польша мен Болгариядағы жеңістер…
1987 жылы – КСРО спорт шебері атағы!
Бұл – бәрі де бір адамның маңдай терімен жеткен белесі еді. Тарих үнсіз қалмауы керек.
Сол үшін де ел – есіл ердің еңбегін ұмытпады.
Еділ Ишекеновті еске алу турнирі – тек спорттық дода емес. Бұл – ұрпақ пен ұлттың арасын жалғар алтын көпір.
Қазақтың ертеңі – шаршы алаңда шын мықты болуға ұмтылған, Еділ ағасына ұқсауға тырысқан осындай жас боксшылардың қолында!
Жеңімпаздар есімі – қыркүйектің 4-і күні анықталады.
Ал Еділдің есімі – ел жадында, мәңгілік!
Түгелбай Бисен
Фото: Бекзат Қанаділ






