
2026 жылғы мундиаль добы несімен ерекше?
03.10.2025
Жеңіспен орал, «Желаев нан»
04.10.2025«World Boxing» ұйымы әлем кубогының биылғы финалдық кезеңін қараша айында өтетінін жария етті. Жаһандық доданы қарашаның 17-22-сі аралығында Үндістан астанасы Нью-Дели қабылдайды деп жоспарланған. Бұл жарысқа Қазақстан боксшылары да қатысады. Бірақ, құрамада нақты кімдердің болатыны әзірге белгісіз.
Өңірдегі жанкүйерлер мен бокс жанашырлары аталған жарыста Даниял Сәбиттті көргісі келетіні анық. Аталмыш сауалды боксшының жеке бапкері, бокстан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиға жолдадық.
-Қазір Даниял және өңірдің басқа да боксшылары Ақмола облысы Щучинск қаласында. Мұнда Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облысының боксшылары арнайы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Одан соң Семейде өтетін ел чемпионатына аттанамыз. Даниялдың әлем кубогі кезеңіне бару-бармуы чемпионат аяқталған соң белгілі болады,-деді Саттар Сұлтанғали.
Айта кетейік Семейдегі ел чемпионатын қазан айының 12-cі мен 19-ы аралығында өтеді. Биылғы ел біріншілігінің жүлде қоры да қомақты. жеңімпаздар 500, күміс жүлдегерлер 300, қола иеленген боксшылар 100 мың теңге иеленеді.
Щучинск қаласында Даниял Сәбит, Нұрсұлтан Нұриденов, Өнер Сейілхан, Бейбарыс Бекжанов, Кенже Даниялұлы, Аян Қалмағамбетов, және Досымжан Мәлік сынды өңір боксшылары жаттығуда. Ал БҚО-ның тағы бір үздік боксшысы Имран Дінешев өкінішке орай биылғы ел чемпионатына қатыса алмайды.
Түгелбай Бисен





