
БҚО дзюдошылары Тайбэйдегі Азия кубогынан үш жүлдемен оралды
12.07.2026
Зейнеп Баянова Будапешттегі рейтингтік турнирдің қола жүлдегері атанды
16.07.2026Облыста командалық спорт түрлерінің дамуына үлес қосып жүрген жас спортшылардың қатары жыл сайын артып келеді. Олар өңір намысын республикалық және халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап, өз салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Назарларыңызға облыстың командалық спорттағы үздік жас өкілдерін ұсынамыз.

Футзал — Ілияс Бөлекбаев
2020 жылдан бері «Бәйтерек» клубының намысын қорғап келе жатқан Ілияс Бөлекбаев соңғы екі маусымда команданың нағыз көшбасшыларының біріне айналды. Қаратөбе ауданының Аққозы ауылында дүниеге келген талантты ойыншы футзалға өзге спорт түрінен келгенімен, бүгінгі жеткен деңгейі оның еңбекқорлығы мен табандылығының айқын дәлелі. Ұлттық құрама сапында да өзін сынап үлгерген Ілияс қарқынын бәсеңдетпесе, алдағы жылдары бұдан да биік белестерді бағындыратыны сөзсіз.

Волейбол (әйелдер) — Алина Камалединова
Жасына қарамастан үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген Алина Камалединова – қазақ волейболының жарқын болашағы. 2008 жылы дүниеге келген спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атанып, түрлі жас санаттарында бес мәрте ел чемпионы болды. Жастар құрамасымен Азия чемпионатының атмосферасын сезінген талантты волейболшы бүгінде еліміздің жетекші клубтарының назарындағы ойыншылардың бірі.

Футбол — Темірлан Үмбетов
Темірлан Үмбетов өзін дәлелдеуді жасөспірім шағынан бастаған ойыншылардың бірі. «Жайық» сапында негізгі құрамнан берік орын алып, жартылай қорғаушы ретінде команданың маңызды ойыншысына айналды. Биыл қарсылас қақпасына үш мәрте дәл соққы жасап, әсіресе алыстан бағыттаған қуатты соққыларымен жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Оның футболдағы өрлеуі енді ғана басталып келеді.

Баскетбол (ерлер) — Мансұр Сейілханов
Баскетболдағы алғашқы қадамын Оралда бастаған Мансұр Сейілханов бүгінде «BQO Arlans» клубының басты ойыншыларының бірі. Қытайда өткен 3×3 Ұлттар лигасында жоғары деңгейдегі ойынымен көзге түсіп, өз мүмкіндігін халықаралық аренада дәлелдеді. Спорттық дәстүр қалыптасқан отбасынан шыққан Мансұр бүгінде сол сенімді ақтап, жаңа белестерге ұмтылып келеді.

Хоккей — Данила Котов
Орал хоккей мектебінің түлегі Данила Котов – өңір хоккейінің келешегінен зор үміт күттіретін жас ойыншылардың бірі. Ресейде тәжірибе жинақтап, кейін туған клубының сапына оралған хоккейші бүгінде өз шеберлігін шыңдау жолында еңбек етуде. Бұл тізімдегі ең жас спортшылардың бірі болғанымен, бапкерлер мен клуб басшылығы оның болашағына үлкен сенім артады.

Баскетбол (әйелдер) — Айым Максим
Оралдағы Олимпиада резервіндегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Айым Максим бүгінде алматылық «Томирис» клубының намысын қорғайды. Қазақстанның U21 жастар құрамасының ойыншысы ретінде ел намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген талантты баскетболшы биылғы Халық ойындарында облыстың 3×3 құрамасының жүлдегер атануына қомақты үлес қосты. Оның әр ойыны – жігер мен жеңіске деген ұмтылыстың көрінісі.

Волейбол (ерлер) — Самғат Салахиятов
Самғат Салахиятов – жергілікті волейбол мектебінің маңдайалды түлектерінің бірі. 2024 жылдан бері «Жайық» волейбол клубының намысын қорғап жүрген ойыншы командамен бірге жеңісті де, қиындықты да бастан өткерді. Өз ісіне адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында ол клубтың маңызды ойыншыларының біріне айналды. Самғаттың басты мақсаты – туған команданы жаңа биіктерге бастап, жанкүйерлер сенімін ақтау.
Бұл спортшылардың әрқайсысы өз саласында жоғары нәтижеге ұмтылып, Батыс Қазақстан облысының командалық спорттағы әлеуетін дәлелдеп келеді. Жастардың табандылығы мен еңбегі өңір спортының жарқын болашағына деген сенімді арттыра түседі.





