
Оралда ұлттық құрамаға үміткерлер іріктелді
31.07.2026
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азия чемпионын қабылдады
05.08.2026Батыс Қазақстанда қазақ күресінің ең басты додаларының бірі – «Қазақстан Барысы» турнирінің облыстық іріктеу кезеңі қарсаңында күрес жанкүйерлерінің қызығушылығы ерекше. Кеше өткен мандаттық комиссия отырысынан кейін жарысқа қатысатын палуандардың нақты құрамы белгілі болды. Биыл облыстың барлық ауданынан және Орал қаласынан жиналған 23 апайтөс облыс барысы атағын сарапқа салады.
Облыстық кезеңге үш аудан бір-бір палуаннан ғана аттандырса, қалғандары екі спортшыдан үкілеп қосып отыр. Бұл көп аудандарда ішкі бәсекенің де жоғары болғанын аңғартады.
Биылғы турнирдің басты ерекшелігі – боз кілемге соңғы жылдары өңірлік әрі республикалық, халықаралық жарыстарда өзін дәлелдеген тәжірибелі де мықты палуандардың түгел жиналуы болып отыр. Сондықтан жеңімпазды алдын ала болжау бұрынғыдан әлдеқайда қиын.
Ең алдымен назар былтырғы облыс барысы, Қазталов ауданының мақтанышы Бекайдар Меңдешевке ауады. Чемпион атағын қорғау – кез келген спортшы үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан қарсыластары ең алдымен Бекайдардың белдесу мәнеріне қарсы амал іздейтіні анық.
Өткен жылғы күміс жүлдегер, Ақжайық ауданының өкілі Эльнар Жанболатұлы да биыл алтын алуға ниетті. Ол осы күні тұрақты нәтижесімен көзге түсіп жүрген тәжірибе жинақтай түскен палуанға айналды.
Өткен жылғы қола жүлдегер Құсайын Ерболатов та фавориттердің қатарында. Шыңғырлаулық палуанның мінезі де, күресу стилі де жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол кез келген қарсыласқа қиындық туғыза алады.
Жанкүйерлер ерекше үміт артып отырған палуандардың бірі – Нұрымжан Ғаббасов. Биыл Орал қаласының іріктеу кезеңінде ешкімге дес бермеген Нұрымжан соңғы уақытта бабында жүргенін анық байқатты. Оның шабуылшыл әрі қарқынды күресу тәсілі қарсыластарын жиі тығырыққа тірейді. Сондықтан оны турнирдің басты фавориттерінің бірі деуге толық негіз бар.
Бөрлі ауданының үміті Теміржан Көлбай да көптің назарында. Көлбай әулетінің жас өкілі көп көзге түспесе де әдетте бәсеке өте жоғары болатын Бөрлі ауданының іріктеуін жеңіп алу кез-келген жанның қолынан келе бермейді.
Күрес дәстүрі қалыптасқан Сырым ауданы да қос мықтысын додаға қосып отыр. Биыл Түркістан қаласында өткен халық ойындарында жүлдегер атанған Мерей Бердіғали қарсыласының қателігін кешірмейтін, шабуылы өте қауіпті палуан саналады. Ал оның аудандық әріптесі Нұрсұлтан Мұрзахметов те қайсарлығымен ерекшеленеді. Ол соңына дейін күресетін мінезімен талай кездесудің тағдырын өзгерткен спортшы.
Бәйтерек ауданының қос палуаны да жүлдеден үміткерлер қатарында. Тәжірибелі Ерлан Мұсағалиев пен биылғы халық ойындарының қола жүлдегері Ақылбек Зайдолла кез келген палуанға лайықты қарсылық көрсете алады.
Ақжайық ауданы да құрамын сапалы жасақтаған. Эльнар Жанболатұлымен бірге боз кілемге дзюдодан облыстық жарыстардың жүлдегері Нұрсейіт Мәдениетов шығады. Оның да күрестегі әлеуеті жоғары.
Әрине, жоғарыда аталған палуандарды фаворит қатарына қосуға олардың соңғы жылдардағы нәтижелері негіз болды. Дегенмен қазақ күресінің басты ерекшелігі – тосын нәтиженің жиі кездесуі. Бір ғана қателік тәжірибелі палуанды жарыстан шығарып жіберуі мүмкін, ал екінші эшелонда жүрген балуанның жарқын жеңісіне жол ашады.
Сондықтан бұл турнирде фавориттерден бөлек өзге палуандарды да есептен шығаруға болмайды. Керісінше, егер аты атала бермейтін спортшылар жүлдеге таласып немесе чемпион атанып жатса, бұл өңірдегі қазақ күресінің деңгейі өсіп, аудандардағы бәсекенің күшейгенін білдіреді.
Биылғы облыстық іріктеу кезеңі тек «Облыс барысын» анықтап қана қоймайды. Бұл дода – өңірдегі қазақ күресінің бүгінгі деңгейін көрсететін маңызды сынақ. Ал тартыс күшейген сайын жеңімпаздың да деңгейі өседі. Демек, бәсекеден ең алдымен Батыс Қазақстанның қазақ күресі ұтады.
Түгелбай Бисен





