
Еуропада шыңдалып жүрген қазақ таланттары
02.06.2026
ЖӘНІБЕКТІК БАПКЕР ЕУРОПАНЫҢ ҮЗДІК ФУТЗАЛ АКАДЕМИЯЛАРЫНДА БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРЕДІ
03.06.2026Жайық Ареена спорт кешенінде грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, өңір спортының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан белгілі бапкер Мұрат Сүндетұлы Жұмашевты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Жарысқа 2012-2013 жылдары туған кіші жасөспірім палуандар қатысты.
Жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, олардың үлкен спортқа қадам басуына мүмкіндік беретін байрақты бәсекеге еліміздің әр өңірінен келген 14 команда жиналды. Атап айтқанда, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шалқар қалаларынан, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек, Бөрлі, Казталов, Теректі, Шыңғырлау аудандарынан және бірқатар спорт клубтарынан келген жас балуандар бозкілемде кім мықтыны анықтады.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Төлеген Досбулатов қатысты.
Ал бәсекенің құрметті қонақтары қатарында Мұрат Сүндетұлының жұбайы Нұрзипа Хантөреқызы мен Ақтөбе облысынан арнайы келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұқанбетжан Зарлықов және өңірдегі еркін күрес мектебінің негізін қалаушылардың бірі Мынатаубиік Әнесов болды.
Шара барысында сөз алған Бақдәулет Сәбитов Мұрат Жұмашевтың қазақ спортына сіңірген еңбегіне тоқталып, оның тәрбиелеген шәкірттері бүгінде ел намысын абыроймен қорғап жүргенін атап өтті. Сонымен қатар, бапкердің жары Нұрзипа апаға құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылып, гүл шоқтары табысталды.
Ұлт саулығы мен ұрпақ тәрбиесінде айрықша маңызға ие олимпиадалық спорт түрі – грек-рим күресі бүгінде еліміздің халықаралық беделін арттырып келеді. Осы орайда ұйымдастырушылар жас палуандарға сәттілік тілеп, олардың арасынан болашақ әлем және Олимпиада чемпиондарының шығатынына сенім білдірді.
Мұрат Жұмашевты еске алуға арналған турнир – тағылымды тұлғаның жарқын жолын жас буынға үлгі етіп қана қоймай, ұлттық спорттың дамуына серпін беретін маңызды спорттық мерекенің бірі.

Бірнеше күнге созылған жас палуандар додасының қорытындысында
35 келі салмақта
3 орын Мадияр Нияз, Мансұр Оразғали
2 орын Ералы Тілепқали
1 орын Арлан Аманқұл
38 келіде
3 орын Заңғар Тұрарбай, Муслим Илияс
2 орын Рустам Нұрлан
1 орын Арсен Есет
41 келі
3 орын Нұртілеу Нұрболатұлы, Ернат Маратов
2 орын Ислам Төлегенов
1 орын Ерасыл Қалимолла
44 келі
3 орын Еркін Өмірсерік, Сұлтан Есенбет
2 орын Исмаил Жұмағалиев
1 орын Байсалбек Ахметжан
48 келі
3 орын Александр Гуз, Санжар Саматов
2 орын Айқын Жұмағұл
1 орын Мирас Мырзағали
52 келі
3 орын Ернұр Шотаев, Эльдар Исқожин
2 орын Санжар Қуандық
1 орын Санжар Жақсыбеков
57 келі
3 орын Меңдәурен Зинетов, Нұртөре Шертай
2 орын Сүлеймен Әбілов
1 орын Ералы Задыгерей
62 келі
3 орын Нұрислам Базарғали, Алмагер Самат
2 орын Ернұр Мұрат
1 орын Марлен Мұхидолла
68 келі
3 орын Ратмир Исқақов, Қайрат Наурызбай
2 орын Дидар Молдағали
1 орын Шыңғысхан Тілеуқайыров
75 келі
3 орын Диас Кенжетаев
2 орын Нұрлан Тельман
1 орын Даниял Советов
+75 келі
3 орын Дияс Қуанышбай
2 орын Аянат Шарифолла
1 орын Мадияр Нұрболат
Боз кілем бәсекесі жанкүйердің көңілінен шықты. Жалпыкомандалық есепте үшінші орынға Теректі ауданының командасы, екінші орынға Ақтөбе командасы жайғасса, бірінші орында №1 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің командасы қанжығалады





