
Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды
22.06.2026
БҚО ауыр атлеттері ел чемпионатында 9 медаль жеңіп алды
23.06.2026Түркістан төрінде өткен VIII республикалық халық спорт ойындары тартыс пен толғанысқа, жеңіс пен жігерге толы үлкен спорт мерекесіне айналды. Қазақ руханиятының алтын бесігі саналатын киелі мекенде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылар спорттың он түрінен бақ сынап, өңірлер арасындағы шынайы бәсекенің көрігін қыздырды. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын бұл кешенді додада облыс спортшылары алғашқы күннен-ақ басты мақсаттарының жеңіс екенін айқын аңғартты.
Халық ойындарынан жедел ақпарат тарату мақсатында Оралдан арнайы шығармашылық топ аттандық. Құрамымызда мобилограф Қажымұқан Сәрсенғалиев, фотограф Бекзат Қанаділов және осы жолдардың ауторы болды. Ұшақтан түскен бетте жүгімізді арқалап, мандаттық комиссия өтіп жатқан «Түркістан арена» стадионына бет түзедік. Дәл сол жерде халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажғалиевпен тілдесудің сәті түсті.
– Біз Түркістанға тек жеңіс үшін келдік, – деді тәжірибелі шахматшы нық сеніммен.
Бұл жай ғана айтылған сөз емес, нағыз шемпионның серті екен. Арада санаулы күн өткенде өңір шахматшылары қарсыластарын қапы қалдырып, VIII халық ойындарының шемпиондары атанды. Осылайша өңір құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.
Шын мәнінде, кешенді сайыстарда алғашқы жеңістің психологиялық маңызы ерекше. Ол команданың рухын көтеріп қана қоймай, өзге спортшыларға да сенім сыйлайды. Шахматшылардың жетістігі дәл осындай серпін бергені анық.
Алғашқы жарыс күнінде сынға түскен гір көтерушілер де намысқа тырысып, алтыншы орыннан көрінді. Бір қарағанда, жүлдеден тыс қалған нәтиже секілді көрінгенімен, кешенді ойындарда әрбір ұпайдың бағасы жоғары. Сондықтан бұл көрсеткіш те жалпыкомандалық есепте маңызды рөл атқарды. Осылайша облыс құрамасы көш басына шығып, басты қарсыластарына өзінің осал қарсылас еместігін көрсетті. Алайда жалпы есептегі көшті ешкім оңайлықпен бере салғысы келмеді. Түркістан облысы, Астана және Шымкент қалаларының құрамалары өкшеден қалмай, жарыс шиеленісін арттыра түсті.

Көп ұзамай үстел теннисінің шеберлері жарыс жолына шықты. Біздің спортшылар топтық кезеңнен сенімді өтіп, ширек финалды да еш қиындықсыз еңсерді. Жартылай финалда өте тәжірибелі Шығыс Қазақстан облысының құрамасына жол бергенімен, жерлестеріміз сағын сындырған жоқ. Қола медаль үшін өткен кездесуде Астана қаласының командасын айқын басымдықпен жеңіп, халық ойындарының қола жүлдесін иеленді. Бұл жеңіске Оралдың тумасы, бүгінде Қырғызстанда тұратын Алсу Сапарованың қосқан үлесі зор болды. Туған топырағының намысы үшін шекара асып келуі – спорттағы патриотизмнің жарқын көрінісі. Сонымен қатар жарының жанын түсініп, жарысқа жіберген Жайық елінің күйеу баласына алғыс айтса болатындай.
Сенсация сыйлаған бозкілем
Ойындардың кезекті күні бозкілемде нағыз сенсация тіркелді. Қазақ күресінің палуандары екі күнге созылған тартысты бәсекеде бар күш-жігерін сарқа жұмсап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл нәтиже көпшілік үшін күтпеген жаңалық еді. Себебі жарыс басталар алдында мамандар Шымкент, Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай облыстарының құрамаларын басты фавориттер қатарында атаған болатын. Алайда батыстың батырлары болжам атаулыны жоққа шығарды. Олар жеңіске деген жігер мен ұлттық рухтың кез келген мықтыны тізе бүктіретінін дәлелдеп берді. Өңір атынан бозкілемге шыққан Ақылбек Зайдоллаев 90 келіде 3-орын, 74 келіде белдескен Бекжан Ғалымжан мен 66 келідегі Амангелді Бақытжан 2-орын иеленді. Ал қыздар арасында белеске Ардақ Радикқызы 65 келіде, Айдана Елеусінова 70 келіде, Ақерке Жұмағалиева 56 келіде қола жүлде еншіледі.
Жалпы халық ойындары тағы бір маңызды үрдісті көрсетті. Кейінгі жылдары Батыс Қазақстанда ұлттық спорт түрлеріне айрықша көңіл бөлініп келеді. Қазақ күресіндегі тарихи табыс – сол жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Белдесулер аяқталған соң қазақ күресінен облыс құрамасының бапкері Қайрат Берсебаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
- Қазақ күресінен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алу – облыс спорты тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі. Бұл жеңіс – бір күннің немесе бір жарыстың жемісі емес, ұзақ жыл бойы атқарылған жүйелі жұмыстың, тынымсыз еңбектің және табанды дайындықтың нәтижесі. Осы ретте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына ерекше алғысымды білдіремін. Басқарма тарапынан жарысқа жан-жақты дайындалуымызға, сапалы оқу-жаттығу жиындарын өткізуімізге қолдау көрсетілді. Мұндай сенім мен қамқорлық спортшыларға үлкен серпін беретіні сөзсіз. Әрине, осындай жоғары нәтижеге қол жеткізуге ең алдымен спортшыларымыздың қажырлы еңбегі, жеңіске деген жігері мен жанкештілігі себеп болды. Біз бұл табысты үлкен жауапкершілік деп қабылдаймыз. Алдағы уақытта да толайым табыстарға қол жеткізіп, бұдан да биік белестерді бағындыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Қайрат Берсебаев.

Бір үміт, бір күдік
Жекелей спорт түрлеріндегі ұпай түгелденген соң, ендігі бар үміт командалық сайыстарға артылды. Себебі кешенді ойындарда дәл осы командалық жарыстар жалпы есептің тағдырын шешеді. Сондықтан алаңға шыққан әр спортшы, әр команда иығына тұтас өңірдің сенімін арқалап шықты.
Футзалшылар мен ерлер волейболы құрамалары жанкүйерлерге сан түрлі эмоция сыйлады. Бір кездесуде шеберліктің шыңын көрсетіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңсе, келесі ойында сәттілік серік болмай, жеңіс қолдан сусып кетіп жатты. Спорттың табиғаты да осы. Кейде бір ғана эпизод, бір ғана қателік немесе бір ғана сәт бүкіл матчтың тағдырын шешіп жатады.
Дегенмен ешбір спортшы аянып қалған жоқ. Әр ойын сайын олар соңғы секундқа дейін күресіп, облыс намысын қолдан бермеуге тырысты. Өкінішке қарай, ерлер арасындағы волейбол құрамасы жарысты 12-орынмен аяқтаса, футзалшылар 10-орынға тұрақтады. Бұл нәтижелер командалардың әлеуетін толық аша алмағанымен, болашақ жеңістерге бастайтын маңызды тәжірибе екені анық. Ал бұрымды волейболшылар жанкүйер сенімін ақтауға барын салды. Қайсар қыздар әр ойында мінез танытып, соңына дейін шайқасты. Нәтижесінде олар жалпы есепте бесінші орынға ие болып, облыс қоржынына маңызды ұпайлар сыйлады.
Өкінішке қарай, ұлттық спорттың төресі саналатын асық ату мен бес асық бәсекелерінде сынға түскен спортшылар да көпшілік күткен нәтижеге қол жеткізе алмады. Алайда спорттағы әр жеңіліс – келесі жеңістің баспалдағы. Түркістан төріндегі бұл дода да спортшылар үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналады деп үміттенеміз.
Тоғызқұмалақ шеберлері де ойдағыдай нәтиже тіркей қоймады. Тек Әйгерім Лесқали ғана жекелей сында күміс жүлдеге қол созды.
Намыс бәрінен биік
Жарыстың шешуші күндерінде баскетболшылар дода алаңына шықты. Бұл бәсекеде жүлдеге таласу оңай болған жоқ. Себебі қарсыластар қатарында спорттық дәстүрі қалыптасқан, жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп жүрген Атырау, Алматы, Астана секілді алпауыт командалар болды. Оған қоса, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының құрамалары да саптарын күшейтіп, тәжірибелі ойыншыларын жарысқа қосты. Алайда батысқазақстандық спортшылар ешкімнен именген жоқ. Ерлер құрамасы тартысты ойындар өткізіп, қорытындысында жетінші орынға тұрақтады. Ең бастысы, олар елдегі баскетболдың көшбасшыларының бірі саналатын Атырау облысының командасын тізе бүктіріп, жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлады.
Ал қыздар құрамасы алғашқы ойындардан-ақ өздерінің биік мақсатпен келгенін дәлелдеді. Топтық кезеңді сенімді еңсерген бұрымды баскетболшылар жартылай финалға дейін жетіп, жанкешті ойын өрнегін көрсетті. Әр доп үшін күрескен арулар ақырында қола жүлдені иеленіп, облыс қоржынына кезекті медаль салды. Бұл да өңір үшін тарихи жетістік. Өйткені бұған дейін облыс баскетболшылары 10-орыннан биік көтеріліп көрмеген еді. Қыздар командасының аға бапкері Елдос Берғалиевтің айтуынша, мұндай жеістіктің артында жылдар бойғы тынымсыз еңбек жатыр. Оның үстіне өңірде құрылған кәсіби баскетбол клубының да оң әсері болған. Ал команда ойыншысы Айым Максим баскетболшыларды қолдай келген әр жанкүйерге алғысын білдірді.
- Алаңда жүрген кезде тоқтамастан «Орал» деп айқайлап жатқан жанкүйерлерді естіп жүрдік. Ондай қолдау бізге қосымша күш берді. Жарысқа келе жатқан кезде үздік бестікке еңсек үлкен жетістік болар еді деп ойлағанбыз. Бірақ біз жоспарды асыра орындадық. Осы биіктен түспеуге тырысамыз, – деді баскетболшы Айым.
Қол күресі шеберлері де намысты қолдан бермеуге тырысты. Әр салмақта бар күш-жігерін сарп еткен спортшылар жалпыкомандалық есепте жетінші орынға тұрақтады. Ал Айдана Әлжан 65 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.

Жалпы Түркістан төріндегі спорт ойындары тағы бір ақиқатты айқын көрсетті: өңір спортшылары үшін қарсыластың атағы емес, өз намысы қымбат. Мұны жарыс алаңындағы жанкүйерлік мәдениетінен де анық аңғаруға болатын еді. Қай спорт түріне барсаңыз да, бір-біріне жанашыр болып жүрген оралдықтарды көресіз. Баскетболшылар волейболшылардың әр ойынын бастан-аяқ тамашалап, қолдау көрсетті. Футзалшылар баскетбол алаңына асықты. Ал қазақ күресінің шешуші белдесулері өткен кезде Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің іші батысқазақстандық жанкүйерлерге лық толды. Осындай бірлік пен өзара қолдау – өңір спортының басты артықшылықтарының бірі. Алайда Түркістан төріндегі бұл ойындардың тағы бір ерекшелігі болды. Облыс құрамасының сапында тек әріптестер мен командаластар ғана емес, бір әулеттің, бір шаңырақтың өкілдері де көп еді. Бұл жарыста жеңіс жолында тек жекелеген спортшылар емес, тұтас отбасылар тер төкті деуге болады.
Алғашқылардың бірі – асық ату спортының жанашыры, тәжірибелі бапкер Ержан Спортұлы. Ұлттық спорттың дамуына ұзақ жылдан бері өлшеусіз үлес қосып келе жатқан бапкер бұл жолы да облыс құрамасымен бірге Түркістанға аттанды. Ал оның қызы Гүлім Спорт бес асық бәсекесінде өңір намысын қорғады. Әке берген тәлім мен қыздың талпынысы бір арнаға тоғысып, ұлттық спорттағы сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Баскетболдың 3х3 додасында да осындай сабақтастықтың куәсі болдық. Команда бапкері Досым Қуанаев болса, оның ұлы Мансұр Сейілханов команда өкілі ретінде құрамамен бірге келді. Әке тәжірибесі мен баланың жігері бір мақсатқа жұмылып, ортақ іске қызмет етті. Ал дәл осы баскетбол бәсекесінде жанкүйерлер назарын аударған тағы бір отбасы болды. Ерлер құрамасының көшбасшыларының бірі Мейрамбек Шамұратов жеңіс жолында жанын салып, әр ойынға бар күшін арнаса, оның өмірлік серігі Ұлжан әйелдер құрамасының сапында өнер көрсетті. Бір шаңырақтың екі тірегі екі түрлі командада ойнаса да, мақсаттары бір болды – Батыс Қазақстанның көк байрағын биікте желбірету. Өңір намысы сынға түскен шақта ұлымыз өсіп келеді деген желеуді сылтау етпеген Мейрамбек пен Ұлжан жасқа толған ұлдары Расулды ертіп барды. Волейбол жарысында да, баскетбол додасында да командамен бірге барған кішкентай Расул құрама бойтұмарына айналды.
Волейбол алаңында да отбасылық бірліктің өнегелі көрінісін көрдік. Облыс құрамасы сапында Мира мен Диана Губашевалар өнер көрсетсе, олардың әпкесі Айнұр бапкерлік қызмет атқарды. Бұл үш ару – өмірін волейболдың дамуына арнаған спорт жанашыры, марқұм Көлеңке Губашевтың қыздары. Әке салған сара жолды жалғастырып жүрген арулардың әр жеңісі – әке аманатына деген адалдықтың белгісіндей әсер қалдырды.
Футзал құрамасында да ерекше сәйкестік болды. Команда бапкері Әсет Нұрғалиев пен ойыншы Әділет Болатов – туған бауырлар. Кішісі алаң сыртында тактиканы түзеп, команданы қамшыласа, үлкені алаң ішінде жеңіс үшін жанын салды. Екі бауырдың да мақсаты ортақ еді – туған өлкенің абыройын асқақтату.
Шын мәнінде, Түркістан төріндегі халық ойындары спорттың тек медаль мен ұпай ғана емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жарыс – ұрпақтар сабақтастығының, отбасылық құндылықтардың, туған жерге деген адалдықтың және елдік рухтың мерекесі болды.
Түркістан төрінде өткен VIII республикалық халық спорт ойындары тағы бір маңызды шындықты айшықтады: Батыс Қазақстан спортының әлеуеті зор. Ең бастысы – өңір намысын бәрінен биік қоятын, ел сенімін ақтауға дайын спортшылар бар.
Демек батыстың жеңісті жолы жалғаса береді.
Түркістан аспанында желбіреген байрақ пен спортшылардың жанарындағы жалын соның айқын дәлелі. Ал сол жалынның негізінде туған жерге деген сүйіспеншілік, отбасы тәрбиесі және жеңіске деген өлшеусіз құштарлық жатыр.
Түгелбай Бисен,
Орал – Түркістан – Орал





