
Спортты саласы мамандары додаға түсті
12.08.2026
Спорт – рух, бірлік, жеңіс
17.08.2026Орал қаласы алдағы күндері ел спортының айтулы додаларының біріне айналады. 17-25 тамыз аралығында Батыс Қазақстан облысының орталығында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасы өтеді.
Еліміздің әр өңірінен жиналатын спортшылар спорттың сегіз түрінен өзара мықтыны анықтайды. Атап айтқанда, шахмат, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, таеквондо, футбол, еркін және грек-рим күресінен тартысты бәсекелер ұйымдастырылады.
Батыс Қазақстан облысының намысын додада 117 спортшы қорғайды. Олар өңір спортын абыроймен танытып, спорттың әр түрінен жүлделі орындарға таласады. Жерлестеріміз үшін бұл – өз алаңында өнер көрсетіп, жанкүйерлер қолдауын сезінуге мүмкіндік беретін маңызды жарыс.
Спартакиада бағдарламасына енген әр спорт түрі қатысушылардан жоғары шеберлікпен қатар, табандылық пен жігерді талап етеді. Әсіресе, жекпе-жек және командалық спорт түрлеріндегі бәсекелер жанкүйерлерге тартысты сәттер сыйлары сөзсіз.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі 17 тамызда, ал тоғыз күнге созылатын спорт мерекесінің жабылу салтанаты 25 тамызда Орал қаласында өтеді.
Бұл дода – тек спорттық нәтижені саралайтын жарыс емес. Ол есту қабілеті зақымданған спортшылардың әлеуетін танытып, олардың үлкен спорттағы орнын айқындайтын маңызды алаң. Сонымен бірге еліміздегі инклюзивті спортты дамытуға, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен тұрақты айналысуына серпін беретін ауқымды шара болмақ.
Айта кетейік, Қазақстанның сурдо спортшылары үшін тамыз айы жарыстарға толы. 10-12 тамыз аралығында Алматы қаласында сурдо жеңіл атлетикадан жарыстар өтіп, спортшылар жеңіл атлетиканың түрлі бағыттарында бақ сынады. Ал 10-15 тамыз күндері сурдо жүзуден жарыстар ұйымдастырылып, үздіктер анықталуда.
Осылайша, тамыз айындағы спорттық додалар сурдо спортшылары үшін маңызды кезеңге айналып отыр. Ал Оралда өтетін Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасы бұл спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, еліміздегі сурдо спорттың дамуына жаңа серпін бермек.
Спортта бастысы – мүмкіндік емес, жігер. Ал Орал төрінде бақ сынайтын 117 батысқазақстандық спортшы өз өңірінің намысын қорғап, жеңіс жолында бар күшін салмақ.





