
Оралда есту қабілеті зақымданған спортшылардың IV Спартакиадасы өтеді
13.08.2026
Сұлулық пен шеберлік тоғысқан дода
17.08.2026«Жайық Арена» спорт кешенінде кәсіби мереке – Спорт күніне орай «Спорт – рух, бірлік, жеңіс» атты салтанатты жиын өтті. Өңірдің спорт саласында еселі еңбек етіп жүрген майталмандар, ардагерлер, жаттықтырушылар, спортшылар мен сала қызметкерлері бас қосқан тағылымды кеш көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Спорт салауатты өмір салтын қалыптастыратын құрал ғана емес, елдің рухын көтеріп, жұртты ортақ мақсатқа ұйыстыратын қуатты күш. Өңірде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бүгінде өңірде спорттың 121 түрі дамып, мыңдаған тұрғын дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысады. Халықаралық және республикалық додаларда облыс спортшыларының көк байрақты биікте ұстап, жүлделі орындардан көрінуі де осы жүйелі еңбектің нәтижесі.
Мерекелік жиында сала мамандарын облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев құттықтады.
– Спорт ұлт саулығының кепілі, ел рухын көтеретін үлкен күш. Бүгінде облыста спорттың 121 түрі дамып, тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда. Мұндай жетістіктің артында спортшының маңдай терімен қатар, оның жаттықтырушысы мен дәрігерінен бастап, төрешіге, спорт нысанының қызметкеріне дейінгі талай адамның еңбегі жатыр. Біздің спортшылар республикалық, халықаралық ареналарда өңір абыройын асқақтатып келеді. Әр жеңіс – тынымсыз еңбектің, табандылықтың және үлкен мақсаттың жемісі. Сондықтан бүгінгі мереке спортшыларды ғана емес, осы саланың өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген барша азаматты құрметтейтін күн.
Барша спорт саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге береке, шәкірттеріңізге толағай табыс тілеймін. Батыс Қазақстан спортының мерейі үстем, жеңісті жолы жалғаса берсін! – деді Қайыржан Меңдіғалиев.
Салтанатты жиында спорт саласына саналы ғұмырын арнап, талай жыл бойы табанды еңбек еткен мамандарға ерекше құрмет көрсетілді.
Алдымен Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы, ауыл балаларын бокс өнеріне баулып, талай шәкірттің спорттық жолына бағыт берген Александр Ильич Пятин Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілерімен марапатталса, өңірде садақ ату спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген білікті бапкер Константин Георгиевичке Салодовников ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар Айдана Нұрлыбайқызы Елеусінова ҚР Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Одан бөлек марапат төрінен табылған жаттықтырушылар мен спортшыларға, саланың күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген жүргізушілер, техникалық мамандар мен жұмысшыларға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Сондай-ақ кеште облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов сала мамандарына жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Спорттағы әр жеңістің артында үлкен еңбек бар. Бүгін біз бозкілемде белдесіп, алаңда жүгіріп, шаршы алаңда жұдырықтасып жүрген спортшыларымызды ғана емес, сол жеңіске жеткізген адамдарды да ұлықтап отырмыз. Жаттықтырушының жанкешті еңбегі, спорт дәрігерінің жауапкершілігі, төрешінің әділдігі, спорт нысаны қызметкерінің күнделікті еңбегі бәрі бір арнаға тоғысып, үлкен нәтижеге айналады. Өңір спортында кейінгі жылдары жақсы серпін бар. Спортшыларымыздың халықаралық аренада топ жарып, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғауы осы салада еңбек етіп жүрген әр маманның ортақ жетістігі. Спорт күні өткенге есеп беріп қана қоймай, алдағы биіктерге мақсат қоятын мереке. Сондықтан барша әріптестеріме қажымас қайрат, шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілеймін. Бірлігіміз бекем болып, спортшыларымыздың жеңісті жорығы жалғаса берсін – деді Бақдәулет Сәбитов.
Бүгіндері облыста бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілуде. Қазіргі таңда өңірде 294 830 адам, яғни халықтың 42,2 пайызы бұқаралық спортпен тұрақты айналысады. Оның 121 215-і – ауыл тұрғындары. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарланған.
Қазіргі таңда өңірде 1583 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 703-і ауылдық жерлерде орналасқан. Соңғы үш жылда спорт нысандарының саны 24 бірлікке артты. Ал былтыр облыста 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 4 мәдени-спорт кешені, 3 спорт кешені, фитнес залы және 7 спорт алаңы пайдалануға берілді. Спорттық резервті даярлау бағытында 22 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп, онда 14 150 спортшы жаттығады.
Өткен жылы облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 957 медаль жеңіп алды. Оның 306-сы алтын, 289-ы күміс және 362-сі қола медаль. Биылғы алты айда спортшылар қоржынға тағы 615 медаль салды. Мерекелік шарада спорттағы үлкен нәтиженің көзге көрінбейтін тұсында қаншама адамның еңбегі жатқаны айғақталды. Өйткені спортшыны жарысқа жеткізетін жүргізуші де, жаттығу залын әзірлейтін жұмысшы да, спорт нысанындағы тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ететін қызметкер де ортақ жеңістің бір бөлшегі.
Аталған жұмыстардың барлығы халықтың денсаулығын нығайтуға, спорттық инфрақұрылымды жетілдіруге және салауатты ұлт қалыптастыруға бағытталған.
Кештің көркемдік мазмұны да спорт тақырыбымен астасты. Арнайы әзірленген лазерлік шоу, концерттік қойылымдар көрерменге ерекше әсер сыйлады. Спорттың жігері мен өнердің әсемдігін тоғыстырған бағдарлама мерекелік кештің мазмұнын аша түсті.
Салтанатты жиынның соңы жергілікті өнерпаздар мен қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаға ұласты. Әуезді ән мен әсем әуен спорт саласының өкілдеріне мерекелік көңіл күй сыйлады.
Осылайша «Спорт – рух, бірлік, жеңіс» атты кеш өңір спортында жүрген барша азаматтың еңбегін бағалап, сала мамандарына жаңа серпін берген тағылымды шара болды. Өйткені спорт – медаль мен рекордтың өлшемімен ғана шектелмейтін кең ұғым. Оның өзегінде рух бар, тәртіп бар, табандылық бар, ең бастысы – елді ортақ мақсатқа бастайтын бірлік бар.
Спорт күні құтты болсын! Жайық өңірінің спорттық даңқы асқақтап, чемпиондар қатары көбейе берсін!
Түгелбай БИСЕН





