
Жайық төріндегі татами: ел чемпиондары анықталатын дода
31.08.2026
Тоғызқұмалақ – ұлттың ой мектебі
10.09.2026Ыстықкөл жағасында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Бір апта бойы әлем жұртшылығының назарын Орталық Азия төріне аударған дүбірлі додада еліміздің көк байрағы биіктен көрінді.
31 тамызда басталған дала олимпиадасына әлемнің 113 елінен келген үш мыңнан астам спортшы қатысты. Олар 43 спорт түрінен өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасы сапында 152 спортшы ел намысын қорғады.
Дүбірлі дода қорытындысында ел құрамасы 32 алтын, 20 күміс, 22 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді. Бұл – ұлттық спорттың ел спортының жалпы дамуындағы айрықша орнын тағы бір мәрте айғақтаған нәтиже.
Көшпенділер ойындарында ел намысын жеті батысқазақстангдық спортшы өнер қорғады. Солардың төртеуі жүлдегер атанды. Өңір спортшылары қоржынға екі алтын, бір күміс және бір қола жүлде қосты.
Олардың әрқайсысының спорттағы жолы – ізденіс пен табандылықтың, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
Кеше ғана садақ ұстаған келіншек – Көшпенділер ойындарының чемпионы
Ғалымжанова Әсемгүл 1994 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Дәстүрлі садақ атумен айналысқанына небәрі екі жылға жуық уақыт болғанымен, осы қысқа мерзім ішінде мергендік өнердің қыр-сырын меңгеріп, биік белестерді бағындырды.
Әсемгүлдің ұлттық спортқа келуіне жолдасы Асхат Ищанов себеп болған. Алғашқы жаттығуын да жолдасының жетекшілігімен бастаған ол уақыт өте келе садақ атуға деген қызығушылығын арттырып, бұл өнерді кәсіби тұрғыда меңгеруге ден қойды. Қазір спортшының жаттықтырушысы – Армат Біржанұлы.
Әсемгүл үшін ең айтулы жетістік – VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жеңіс. Ол дәстүрлі садақ атудан Орта Азия нысанасы бойынша 40 метр қашықтықта алтын медаль иеленді.
Екі жылға жуық қана спорттық тәжірибесі бар мергеннің халықаралық деңгейдегі осындай ірі додада топ жаруы – үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі.
Әсемгүл спортпен қатар отбасындағы жауапкершілікті де абыроймен атқарып келеді. Екі қыз тәрбиелеп отырған оның негізгі мамандығы бойынша медбике. Қазір облыстық жоғары шеберлік спорт мектебінің спортшысы.
Кеше ғана садақ ұстап үйренген ауылдың келіншегі бүгін Көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Мұның өзі талпыныс болса, табыс та болатынын көрсетеді.
Жылқыға деген сүйіспеншілік жамбы атуға ұласты
Ықсан Аружан – ұлттық спортты жанына серік етіп, жамбы атудан өз биігін қалыптастырып келе жатқан жас спортшы.
2007 жылғы 14 тамызда Атырау облысында дүниеге келген Аружанның жамбы атумен айналысып жүргеніне де екі жылдай уақыт болған. Оның ұлттық спортқа келуіне ең алдымен жылқыға деген ерекше сүйіспеншілігі себеп болды. Тұлпарға деген ықыласы уақыт өте келе жамбы атуға қызығушылығын оятып, жас спортшыны үлкен спорт әлеміне жетеледі.
Алғашқы қадамынан-ақ садақ ату өнеріне бейімделген Аружан жаттығу барысында шеберлігін шыңдап, жарыс тәжірибесін жинақтай бастады. Оның бапкері – Нұрмұханова Динара Төлегенқызы. Бапкерінің тәлімін алып, өз еңбегін еселеген жас мерген бүгінде ұлттық спорт додаларында ел намысын қорғап жүр.
Спорт пен білімді қатар алып келе жатқан Аружан Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің үшінші курсында оқиды. Болашақ мамандығы – ветеринар.
Жас мерген үшін жамбы ату – жай ғана спорт емес. Бұл – жылқыға деген бала күнгі сүйіспеншіліктен басталып, ұлттық өнерге ұласқан өмір жолы.
Алдағы мақсаты да айқын: шеберлігін одан әрі шыңдап, республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғау.
Он жастағы Санжардың қос жүлдесі
Көшпенділер ойындарында ел қоржынына алтын салған ең жас спортшының бірі – Өмекей Санжар Берікұлы.
Он жастағы жас шабандоз ұлттық ат спортының дүбірлі додасында өзінің шеберлігін танытып, 12 шақырымдық құнан бәйгеде І орын иеленді. Осылайша ел қоржынына алтын медаль салды. Сонымен қатар 18 шақырымдық топ бәйгеде ІІ орын алып, қос жүлдені қанжығасына байлады.
Санжар – Ұлттық спорт мектебінің шәкірті. Жас шабандозды дүбірлі додаға дайындаған жаттықтырушысы – Ақылбек Ищанов. Ал оның алғашқы бапкері – Берік Арықбаев.
Он жасар баланың халықаралық деңгейдегі жарыста топ жаруы – ұлттық ат спортының болашағы үшін сүйінші жаңалық. Бұл жетістік оның маңдай тері мен тынымсыз еңбегінің, бапкер тәлімінің және атадан балаға жалғасқан ұлттық спортқа деген сүйіспеншіліктің жемісі.
Самбода қола алған Еркебұлан
Неғметов Еркебұлан – самбо күресінен ел намысын абыроймен қорғап жүрген тәжірибелі спортшы. 1999 жылы Казталов ауданының Ақпатер ауылында дүниеге келген ол спортқа жастайынан ден қойды. Алғашқы бапкері – Жеңіс Стамғазиев.
Алғашқы жаттығуларынан-ақ спортқа деген жауапкершілігі мен табандылығын танытқан Еркебұлан уақыт өте келе шеберлігін шыңдап, жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарға жол тартты.
Спортшының бапкерлік мектебінде Бірлес Есенғалиев, Райбек Меңдіғалиев және Нуфтолла Түменов секілді мамандардың еңбегі бар.
Еркебұланның спорттағы айтулы жетістіктерінің бірі – самбодан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болуы. Ал VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ол татами төрінде табанды белдесіп, қола медальді иеленді.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алған спортшы болашақта бапкерлікке ден қойып, бала баптауды мақсат етеді.
Жүлдеге бір табан қалғанда
Көшпенділер ойындарында бақ сынаған басқабатысқазақстандықтар да лайықты өнер көрсетті.
Пахлавани күресінен бақ сынаған Эльнар Жанболатұлы, 2400 метрлік бәйгеде шапқан «Dat Security» тұлпары, аламан бәйгеде жарысқа түскен шабандоз Мерей Ғариполлин жүлдеге бір табан қалғанда тоқтады. Дегенмен олардың халықаралық додадағы әр белдесуі мен әр жарыс жолындағы табандылығы өңір спортының әлеуетін танытты.
Екі алтын, бір күміс, бір қола. Төрт жүлде. Төрт тағдыр. Бір мақсат – көк байрақты биікте желбірету.
Көшпенділер дүбірі басылғанымен, ұлттық спорттың шырағы сөнген жоқ. Керісінше, Ыстықкөл төріндегі жеңістер жаңа белестерге бастар жолдың бір парағын ашты.
Түгелбай БИСЕН,
«Орал өңірі»
Фото: Қайыр Аманжол





