
Эльнара Серікова дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионы
22.08.2025
Ислам Cәтпаев – екі дүркін азия чемпионы
22.08.2025Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында еркін күрестен Қазақстан құрамасы керемет жетістікке қол жеткізді. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болып, ел абыройын асқақтатты.
Әлемдік аламанда отандық палуандар 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Айтулы жарыста 125 келі салмақта күрескен Едіге Қасымбек алтыннан алқа тағып, Қазақстанның көк байрағын көкке желбіретті. Ал 92 келіде белдескен Камиль Куруглиев күміс медаль еншілесе, 57 келідегі Нұрданат Айтанов, 74 келідегі Досжан Кұлғайып және 97 келіде өнер көрсеткен Самир Дурсунов қола медаль иегері атанды.
Тамыздың 17-24 аралығында өтетін дүбірлі додада еркін күрес бәсекесі өз мәресіне жетті. Ендігі кезекте бозкілемге әйелдер күресі мен грек-рим күресінің шеберлері шығып, мықтыны анықтайтын болады.
Айта кетейік, жастар арасындағы әлем чемпионаты 1969 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде қазақстандық жас балуандар барлығы 10 алтын, 27 күміс және 39 қола медаль жеңіп алып, ел спорт тарихына елеулі үлес қосып келеді.
Түгелбай Бисен
Фото: UWW





