
Президент футбол клубтарын жекешелендіру қажеттігін айтты.
08.09.2025
Әлем чемпионатына баратын палуандар белгілі болды
08.09.2025Былтыр өңір намысын футбол ареналарында қорғап келген «Ақжайық» ФК қаржылай қиындықтарға тап болып, жабылды. Былайша айтқанда, Орал футболы аспанына бұлт үйірілді. Десе де елде аяқдопты дамытсам деген атымтай азаматтар табылып, ойыншылар мен бұрынғы клуб қызметкерлері алдындағы қарызды ішінара жауып жаңа футбол клубын құрды.
Орал өңірінде құрылған жаңа клуб жарыс жолын ел чемпионатының Екінші лигасынан бастады. Толықтай Орал футбол мектебінің тәрбиеленушілерінен жасақталған клуб «Жайық» атауын алды. Ал бапкерлік міндет жергілікті жас маман, жаттығуда ғана емес, өмірде де ойыншыларды темірдей тәртіппен ұстайтын Вячеслав Невольниковке сеніп тапсырылды.
Өңір басшылығы клуб жаңа құрылды деп жеңілдік бермеді. Бірден биік мақсат қойды. Сенім үдесінен шығуды көздеген клуб қыс аяғына қарай Оралда алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жергілікті футболшылардың әлеуетін жақсы білетін Вячеслав Петрович командаға тәжірибелі Эльдар Абдрахманов пен Бауыржан Омаровты шақырды. Тіс қаққан қос ұланның команда сапында болатыны маусымға алаңдаған жанкүйердің көңіліне демеу болды. Бұл екі арлан толықтай қорғанысқа жауап береді.
Көпті көрген бапкер болашақты да ұмытпайды. Тәжірибесі толысқан Бауыржан мен Эльдардың жанына жас болса да бас бола білетін, артылған сенімді ақтай алатын Саламат Гайсиев, Әлімжан Жорасов, Әділ Сұлтантеміров пен Әліби Қуанышкерейді қосты. Ал қақпа кілті Азат Бакитов, Александр Латыческий сынды жігіттерге берілді.
Футбол тек қорғанудан тұрмайтыны белгілі. Биік мақсатқа жеткің келсе, шабуыл мен қорғанысты жалғайтын жартылай қорғаушыларың да мықты болғаны абзал. Алаң ортасын нықтау үшін «Тұран» командасынан Батыр Мұқашевты елге қайтарды. Осы кезге дейін «Ақжайық» сапында жасындай жарқылдаған Бекзат Иманғазеев, Магомед Оджиев, Ерасыл Мұрат пен Тараздың түлегі болса да жүрегі Жайық деп соғатын Максим Гладченко команда сапын толықтырды. Олардың жанына бірнеше жыл футболдан қол үзіп қалса да бабын жоғалтпаған Самат Бердәулетов пен Артём Астахов қосылды. Қажет кезінде лидерлік міндетті мойнына алуға қауқарлы Иван Антиповке де мүмкіндік берілді.
Ал шабуыл шебі толықтай жастардың мойнына артылды. Жасы енді жиырмаға толған Ислам Амангельдиев, 19 жасар Шыңғыс Кубаешев пен кәмелет жасына енді аяқ басқан Төрехан Мұрат бапкер сенімін ақтау үшін барын салуға бекінді. Құрамға енген өзге ойыншылар да қажет кезінде алаңға шығып, жанкүйерді қуантуға дайын.
Маусымалды оқу-жаттығу жиыны Шымкентте өтті. Команда ел кубогі бәсекесінен шет қалды. Толыққанды дайындық өткізуге де уақыт тапшы болды. Осының барлығы жанкүйерді алаңдатқаны белгілі. Десе де бапкерлік құрам мен клуб басшылығы білек сыбанып, маусымға кірісті.
Сәуірдің 22-сінде өз алаңында алғашқы матч өтті. «Жейран» командасына қарсы кездесуде оралдықтар жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Матч 4:1 есебімен аяқталып, жаңа ұжым өз әлеуетін бірден көрсетті. Бұл ойында клуб тарихындағы алғашқы голды Ислам Амангельдиев соғып, команданың жаңа дәуірінің бастаушысы атанды. 29 сәуірде «Таласқа» қарсы өткен ойын да тартысты болды. Шешуші сәтте соғылған жалғыз голдың арқасында «Жайық» тағы да жеңіске жетті. 7 мамыр күні «Атырау М»-мен қонақта ойнап, оралдықтар қарсыласының осал тұсын таба білді. Мамырдың 13-інде «Тұран М» командасына қарсы өткен матчта оралдықтар қарсыласына мүмкіндік бермей, 2:1 есебімен жеңіс тойын тойлады. 21 мамырда «Арыс» командасымен өткен тартысты кездесуде есеп ашылмай, қос лидер тең тарқасты. Мамырдың 26-сында «Мақтааралға» қарсы матчта оралдықтар 1:2 есебімен ұтылып қалды. Бұл – маусымдағы алғашқы жеңіліс еді. 3 маусымда «Жас Қыранға» қарсы өткен ойында да есеп тең (0:0) болды. Ал маусымның 18-інде «Қайсар М»-ды қонақта 3:0 есебімен ойсырата ұтып, «Жайық» өз мықтылығын дәлелдеді. Арғы аптада «Ордабасы М»-мен болған кездесу де жанкүйерлер үшін ерекше есте қалды. 3:1 есебімен жеңген «Жайық» турнир кестесіндегі орнын бекіте түсті. Шілденің 1-і күні «Каспий М»-ге қарсы өткен кездесуде оралдықтар жеңісті қолдан шығарып алды. Бұл – маусымдағы екінші жеңіліс болды. 15 шілдеде «Жейран» командасымен өткен қарымта матчта Вячеслав Невольников шәкірттері 2:1 есебімен басым түсті. Ал 21 шілдеде «Таласқа» қарсы өткен ойын жанкүйерлер үшін нағыз мереке болды. Оралдықтар қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 3:0 есебімен ұтты. Одан кейін «Атырау М»-мен өткен қарымта кездесуде тағы да жеңіс орын алды. Жайық жігіттері тамызға да аяқ басты. Маусым соңы таяса да оралдық оғландар алған бетінен қайтпады. 5 тамызда «Тұран М» клубына қарсы шиеленісті ойында да «Жайық» 2:1 есебімен жеңіске жетті. 13 тамызда «Арыс» командасына қарсы матчта есеп 1:1 болып тең аяқталды. Тамыздың 20-сында «Мақтааралды» 3:0, 26-сында «Қайсар М»-ды 2:0 есебімен ұтты.
Соңғы жеңілістен сабақ алған «Жайық» жеңіліссіз ойындар сериясын жетіге жеткізді. Бұл – команда мінезінің, дайындық деңгейінің және тактикалық шеберлігінің айқын көрінісі.
Қыркүйектің 17-сі күні «Жайық» өз алаңында «Ордабасы М» клубымен күш сынасады. Егер ол ойында жеңіс тіркелсе, Қазақстанның Екінші лигасының жеңімпазы атағын мерзімінен бұрын иеленеді. Бұл – жас клуб тарихындағы алғашқы әрі тарихи жетістік болмақ.
Шынын айту керек, ол күнгі ойын өңір футболы тарихындағы ерекше сәт болғалы тұр. Бірінші маусымнан-ақ топ жаруға ұмтылған «Жайық» клубына дәл қазір көрерменнің қолдауы қажет. Қыркүйектің 17-сі стадионға жиналып, өз командамызға бірге жанкүйер болайық! Әрбір қошемет, әрбір қол шапалақ – чемпиондыққа бастайтын күш! Келіңіздер, бірге жаңа тарихты жазайық!
Бекзат Қанаділ






