
Қазақстан құрамасының үздік бомбардирі және ең көп матч өткізген рекордсмені құрамадан кетті
25.09.2025
Шахматшы Ксения Балабаева – рапидтен әлем чемпионы!
26.09.20252028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) өтетін Олимпиада ойындарына дайындалу мақсатында Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) жекелей стипендиясын алған қазақстандық спортшылардың есімі белгілі болды.
Бұл бастаманы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті көтеріп, ұлттық федерациялармен және ХОК-мен бірлесе жұмыс жүргізді. Сондай-ақ барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуді қамтамасыз етті.
Бағдарлама спортшыларды төртжылдықтың басты додасына іріктеу кезеңінде және дайындық барысында қолдауды мақсат етеді. Ұсынылған кандидаттар ұлттық федерациялар арқылы іріктеліп, гендерлік теңдік сақталды. Әр спорт түрінен бір ер және бір әйел спортшы ұсынылды. Сонымен қатар мүмкіндігінше көбірек спорт түрін қамтуға мән берілді, осылайша әртүрлі бағыттағы атлеттерге қолдау көрсетілді.
Стипендия Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына енген жекелей спорт түрлерінде өнер көрсететін спортшыларға беріледі. Үміткерге іріктеуден өтуге және жоғары орындарға үміткер болуға мүмкіндік беретін нәтижелер, сондай-ақ допингке қарсы ережелерді бұзбау және Олимпиадалық хартияға қайшы келетін санкцияларға жол бермеу сияқты талаптар қойылады.
ХОК қаржысы оқу-жаттығу жиындарына, жекелей дайындықтарға, бапкерлер мен мамандардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және ғылыми қолдауға, сақтандыруға, сондай-ақ уақытша үй-жай мен тамақтануға жұмсалады. Қаражаттың мақсатты жұмсалуы тұрақты есеппен қадағаланады.

Олимпиадаға дайындалуға мүмкіндік беретін степендия батысқазақстандық екі спортшыға бұйырды. Бірі палуан қыз Зейнеп Баянова болса, екіншісі байдарка мен каноеде есу шебері Мария Бровкова. Енді қос үмітіміз төртжылдықтың басты додасына алаңсыз дайындалып, ел үмітін ақтайды дегенге сенейік.
Одан бөлек ХОК степендиясын еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген төмендегі спортшылар да ие болды.
— Аида Әбікеева (бокс)
— Сағындық Тоғамбай (бокс)
— Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо)
— Әбиба Әбужақынова (дзюдо)
— Милад Карими (спорттық гимнастика)
— Руслан Курбанов (семсерлесу)
— Исхар Курбаев (грек-рим күресі)
— Ризабек Айтмұхан (еркін күрес)
— Александра Ле (нысана көздеу, пневматикалық қару)
— Ислам Сәтпаев (нысана көздеу, пневматикалық қару)
— Әмір Маймұратов (спорттық құзға өрмелеу)
— Батырхан Төлеуғали (таеквондо)
— Алан Құрманғалиев (үстел теннисі)
— Елизавета Матвеева (жеңіл атлетика)
— Әсем Орынбай (стенд ату)
— Сергей Петрович (ауыр атлетика)
— Арай Нұрлыбекова (ауыр атлетика)
— Данил Мусабаев (батуттағы гимнастика).
Қазақстандық спортшылардың бұл бағдарламаға енуі олардың Олимпиада-2028 ойындарына жүйелі әрі сапалы дайындық жүргізуіне қосымша мүмкіндік береді.
Дереккөз: olympic.kz





