
Түркістан төрінде өткен тартыс: облыс құрамасы топ жарды
13.10.2025
Жайықтың жолбарысы – Бекайдар
14.10.2025Қазанның 18-і күні Астана төрінде қазақ күресінің ең ауқымды әрі айтулы жарысы саналатын «Қазақстан Барысы» турнирі өтелі. Бұл күні еліміздің әр өңірінен, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан сайдың тасындай іріктелген мықтылар өзароа күш сынасады. Бабы мен бағы келіскен 43 апайтөс Астана төрінде кім мықтыны анықтайды. Сондай-ақ, «Әскер барысы» турнирінің жеңімпазы да осы сапта.
Қазір «бура сан, бөрі кеуде» жігіттер соңғы дайындық жұмыстарына кірісті. Қара күш пен шеберлік сыналатын бұл сайыста жас қырандар мен тәжірибелі саңлақтар иық тірестірмек. Биылғы бәсекеде ең тәжірибелі палуан атағы Астана қаласының намысын қорғайтын Олжас Шынкеевке тиесілі. 1992 жылы дүниеге келген Олжас қазақ күресінің хас шебері ретінде танылды. Ең алғаш 2013 жылы аталмыш додада көрінген ол талай белдесуде шыңдалды. Оның тәжірибесі талай жасқа үлгі.
Ал турнирдің ең жас қатысушысы Батыс Қазақстан облысынан келген Эльнар Жанболатұлы. Ол 2005 жылы тамызда дүниеге келген. Қазақ күресінің жаңа буын өкілі саналатын Эльнар ел үміт артатын жас дарындардың бірі. Белдесуге қатысатын палуандардың дене бітімі мен салмақтары да әртүрлі. Ең жеңіл салмақтағы палуандар 90 келі тартатын алматылық Абылай Иссаев пен ақтөбелік Әмірбек Рахимов. Ал ең ауыр салмақты палуан «Әскер барысы» атағының иегері Әділ Оразбаев. Оның салмағы 150 келі.
Жеңіс пен даңқ жолындағы бұл дода нағыз жігітке сын. Қазанның 18-і күні Астананың жүрегінде боз кілемде болатын белдесулер елдің елдігін, палуанның тектілігін танытатын болмақ.
Қазақ күресінен өтетін республикалық турнирдің жеңімпазы «Қазақстан Барысы — 2025» атағының, «Алтын белбеу» мен алтын «Тайтұяқтың» иегері атанады. Айта кетейік, биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры 27 миллион теңге.
Түгелбай Бисен





