
Батысқазақстандық дзюдошылар Азия кубогінде үш жүлде жеңіп алды
19.07.2026
Батысқазақстандық Айсұлу Сәрсенова 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан чемпионы атанды
21.07.2026Ақмола облысының Щучинск қаласындағы Ұлттық шаңғы-биатлон кешенінде биатлоннан жазғы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Сары құрлықтың үздік жас биатлоншылары бас қосқан байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті алтын жүлдені Батыс Қазақстан облысының спортшысы Жанерке Тудахунова салды.
19 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен спринттік жарыста Бөрлі ауданының тумасы 6 шақырымдық қашықтықты 21 минут 9 секундта еңсеріп, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Нәтижесінде Жанерке Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алып, Қазақстан құрамасының мерейін үстем етті.
Бұл – халықаралық жарыстарда тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан талантты спортшының кезекті ірі жетістігі. Бұған дейін де ел біріншіліктерінде бірнеше мәрте топ жарып, халықаралық додаларда тәжірибе жинаған Жанерке бұл жолы да өзінің жоғары деңгейін дәлелдей білді.
Азия чемпионын тәжірибелі бапкер Ислам Сағынәлиев жаттықтырады. Жүйелі дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесінде қол жеткізілген бұл жеңіс өңірдегі қысқы спорттың даму қарқынын айқын көрсетеді.
Чемпионатта Батыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі Арын Тәжібаев та өнер көрсетті. Өзінен 3–4 жас үлкен қарсыластарымен сынға түскен жас биатлоншы үздік жетілікке еніп, 7-орынға тұрақтады. Бұл нәтиже оның болашағынан зор үміт күттіретінін аңғартады.
Жанерке Тудахунованың Азия чемпионатындағы алтын жүлдесі – Батыс Қазақстан спорты үшін үлкен жетістік әрі өңірдегі жас спортшыларға шабыт сыйлайтын жарқын жеңіс.





