
Эрлинг Холанд 72 жыл бойы бұзылмаған тарихи рекордты қайталады
01.07.2026Орал қаласында «AQJAIYQ TOURISM FEST – 2026» облыстық фестивалі «Бабалар ізімен» ұлттық ойындар лигасына жалғасты. Фестивальда өңірдің туристік әлеуеті таныстырылып, аудан-қалалардың туристік бағыттары мен көрме-жәрмеңкелері, ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер және мәдени-танымдық бағдарламалар арқылы көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатр алаңы түстен кейін ерекше қарбаласқа бөленді. Мұнда ұлттық рух пен туристік әлеует тоғысқан ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, өңірдің аудандары өздерінің туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Көрме алаңында әр ауданның тарихи-мәдени мұрасы, табиғи көрікті жерлері мен бірегей туристік бағыттары көпшілік назарына ұсынылды. Бөкей ордасының бай тарихи мұрасы, Нарын құмының көркем табиғаты, Шалқар көлінің шипалы қасиеті сынды өңірдің басты туристік нысандары бір алаңда тоғысып, келушілердің қызығушылығын арттырды.
– Кейбір туристік нысандарда ақпараттық тақталардың жеткіліксіздігі байқалады. Одан бөлек ауылдық жерлердегі тартымды туристік нысандардың әлеуеті толық ашылмай отыр. Қазіргі таңда ауылдық аумақтар үшін өзекті мәселенің бірі – урбанизация салдарынан жұмыс орындарының тапшылығы. Осы орайда ауыл тұрғындарының өз өнімдерін ұсынып, келуші туристерге қызмет көрсетуі жергілікті табыстың артуына ықпал етер еді. Сондай-ақ Орал қаласы арқылы Ақтөбе, Атырау, Самара, Орынбор және Саратов бағыттарына шығатын ірі көлік жол тораптары өтеді. Алайда шекарадан бастап Орал қаласына дейін өңірдің туристік, тарихи және табиғи нысандары туралы ақпараттық көрсеткіштердің жеткіліксіздігі салдарынан туристердің бір бөлігі аялдамай өтеді. Ақпараттық инфрақұрылымды дамыту ішкі және сыртқы туристерді тартуға мүмкіндік беріп, қала мен облыс бюджетінің кірісін арттыруға ықпал етеді, – деді облыстық туристік қауымдастығының директоры Айболат Құрымбаев.
Айтулы мерекеде қала тұрғындары мен қонақтары үшін сан түрлі ойын-сауық және танымдық алаң ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер арнайы жабдықталған ойын аймақтарында уақыттарын көңілді өткізсе, ұлттық спортты серік еткен қатысушылар дәстүрлі садақ атудан мергендіктерін сынады. Ал көпшілікті тамсандырған көпіршіктер шоуы мереке көрмекке келген балалардың сүйікті орнына айналды.

Фестиваль өңірдің туристік әлеуетін насихаттауға да басымдық берді. Іс-шара барысында жергілікті туроператорлар мен турагенттіктер, аэроклуб, джип-тур ұйымдастырушылары, сондай-ақ «Ақжайық» және «Нұрберген» шипажайлары өз қызметтері мен туристік бағыттарын таныстырып, келушілерге демалыс мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды.
– Туристік маусымның ашылуына арналған фестивальге «NURBERGEN Health Resort» шипажайының атынан қатыстық. Бұл іс-шара Батыс Қазақстандағы туризмді дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
Біздің шипажай – санаторлық-курорттық кешен, мұнда қонақүй қызметімен қатар, денсаулықты нығайтуға және аурулардың алдын алуға арналған емдік шаралар ұсынылады. Әсіресе өңіріміздің бірегей табиғи байлығы минералды суға негізделген емдік ем-шараларымыздың орны ерекше. Одан бөлек заманға сай медициналық жабдықтауға аса үлкен көңіл бөлеміз. Әке жолын жалғастырушы Аина Нұрбергенқызы 2005 жылы негізі қаланған игі істі , қазіргі талаптарға және әлемдік стандарттарға сай дамытып келеді. Осындай фестивальдар өңірдегі туризмнің дамуына серпін беріп, туған өлкеміздің табиғи мүмкіндіктерін елімізге, әсіресе жастарға және әлемге танытуға жол ашады. Туризм – болашақтың маңызды саласы, ал оны дамыту – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді «NURBERGEN Health Resort» ЖШС-ның басқарушы директоры Айнұр Ғабдуллина.
Фестиваль алаңына арнайы келген Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов көрме павильондарын аралап, қатысушылар ұсынған жобалармен және туристік бағыттармен танысты. Қала басшысы өз сөзінде өңірдің туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, мұндай бастамалардың өлкенің туристік тартымдылығын арттыруға және ішкі туризмді дамытуға серпін беретінін айтты.
Көрме аясында қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарын жұрт назарына ұсынды. Соның бірі – қой жүнінен жасалған тақиялар тігетін шебердің еңбегі келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
– Меринос қойдың жүнінен тақия басамын. Шикізат арнайы Тараз қаласынан алдын ала тазартылып, жуылған күйінде келеді. Бұл іспен айналысып келе жатқаныма екі жыл болды. Бұйымды өзім бояп, түстерін келтіремін. Кейде арнайы бояуларды қолдансам, кейде табиғи тәсілге жүгінемін. Пияз қабығы мен түрлі жапырақты пайдаланып, дәстүрлі әдіспен бояу шығарамын.
Бір тақияны дайындауға шамамен екі күн уақыт кетеді. Басқа киіз басушылардан ерекшелігім – тақияны сырып тігемін. Бұл бұйымның бір артықшылығы – жазда ыстықтатпайды, қыста тоңдырмайды. Қылшықты жүн бастағы қан тамырларына микромассаж жасап, қан айналымын жақсартуға да ықпал етеді. Сондықтан жаңа туған сәбилерге де пайдалануға болады, – дейді тақия шебері Гүлжан Есмадиярова.
Шебердің айтуынша, өнімдерге сұраныс жоғары. Көбіне шетелден және Ақтау қаласынан тапсырыс көптеп түседі. Көрме барысында бір келуші қыз тақияны таңдап, оны Кореяға алып кеткен.

Кешқұрым «Бабалар ізімен» облыстық ұлттық спорт лига жеңімпаздары марапатталды. Бірнеше айға созылған ұлттық спорт мерекесі қорытындысында аударыспақтан Жәнібек ауданы, құнан жарысынан Казталов ауданы және топ бәйгеден Ақжайық ауданы І орынды иеленді. Ал тоғызқұмалақтан Орал қаласы, асық атудан Шыңғырлау ауданы, бес асықтан Қаратөбе ауданы биіктен көрінді. Одан бөлек, дәстүрлі садақ ату мен жамбы атудан Орал қаласы, арқан тартыста Казталов ауданы, көкпар тартысында Шыңғырлау ауданы жеңіске жетті. Сондай-ақ қазақ күресінен Қаратөбе ауданы, теңге ілуден Орал қаласы намысты қолдан бермеді. Ал жалпыкомандалық есепте І орынды Сырым ауданы (195 ұпай), ІІ орын Қаратөбе ауданы (187 ұпай), ІІІ орынды Ақжайық ауданы (169 ұпай) командасы еншіледі.
Ұлттық киім, ұлттық ән мен ұлттық ойын – барлығы бір арнаға тоғысып, Оралда Ұлы дала рухын қайта жаңғыртты. Ақ Жайық – тек географиялық атау ғана емес, ол – жеңістің, бірліктің және ұрпақтар сабақтастығының символына айналған киелі өңір, сондай-ақ туризмнің әлеуеті зор мекені.
Гүлфия ҚОЛҒАНАТОВА,
«Орал өңірі»





