
Спорт – рух, бірлік, жеңіс
17.08.2026
Оралда сурдлимпиадалық спорт түрлерінен ҚР-ның IV Спартакиадасы басталды
18.08.2026Оралда көркем гимнастикадан өткен облыс біріншілігінде ел чемпионатына жолдама иеленген спортшылар анықталды
Көркем гимнастика – сырт көзге қимылы жеңіл, болмысы нәзік көрінгенімен, оның әр иірімінде тынымсыз еңбек, темірдей тәртіп пен мықты мінез жатыр. Спортшының сахнадағы бірнеше минуттық өнерінің ар жағында күн сайынғы жаттығу, сан мәрте қайталанған қимыл және бапкердің талапшылдығы тұрады. Осындай жауапкершілікті арқалаған жас гимнасттар Оралдағы жарыста шеберліктерін сарапқа салды.
Сымбат пен спорттық шеберлікті, әсемдік пен дәлдікті ұштастыратын бәсекеге «Winners» және «Созвездие» көркем гимнастика мектептерінде жаттығатын 110 спортшы қатысты. Жас гимнасттар жарыс барысында техникалық дайындығын, композицияны орындаудағы шеберлігін және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Бұл жолғы бәсекенің салмағы да айрықша. Өйткені облыстық жарыс спортшылардың дайындығын бағамдайтын кезекті дода ғана емес, Қазақстан чемпионатына жолдама беретін маңызды іріктеу кезеңі болды. Сондықтан әр қатысушы үшін алаңдағы әр қимыл, әр ұпайдың маңызы зор еді.
Сыннан сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар енді республикалық додада Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайды.
Атап айтқанда, 15–20 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында өтетін І разрядты спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатына Гаухар Бисен «Созвездие», Ясмина Кинжигалиева «Winners», Әлия Рысқали «Созвездие», Айсұлу Жетибаева «Winners», Дария Делекешева «Winners» және Альмира Мурзагалиева «Созвездие» жолдама иеленді.
Ал спорт шеберлігіне үміткерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты қазан айында Шымкент қаласында өтеді. Бұл додада Батыс Қазақстан облысының намысын Диана Жасталапқызы «Winners», Самира Сейдахмет «Winners» және Хорлан Мақсот «Созвездие» қорғайды.
Көркем гимнастиканың өңірде дамып келе жатқанына көп болмаса да, жас спортшылардың жетістігі көңіл қуантады. Әр нәтиженің артында күн сайынғы жаттығу мен табандылық, бапкердің еңбегі мен ата-ананың қолдауы, ең бастысы – спортшының өз мақсатына деген сенімі бар.
Жас гимнасттың жарыс төріндегі бір сәттік қимылы көрерменге әсем көрінуі мүмкін. Алайда сол әсемдіктің ар жағында талай жылғы маңдай тер мен ерік-жігер жатыр. Қолдағы құралдың қозғалысын дәл үйлестіру, денені музыка ырғағымен қабыстыру, тепе-теңдікті сақтау – мұның бәрі үлкен шеберлікті талап етеді.
Облыстық додада өз мүмкіндігін дәлелдеген жас спортшылар үшін енді жаңа белес басталмақ. Ақтау мен Шымкентте өтетін ел чемпионаттары олардың кәсіби тұрғыдан шыңдалып, республикалық деңгейдегі бәсекеде тәжірибе жинауына жол ашады.
Бүгінде Батыс Қазақстанда көркем гимнастиканы дамытуға, жас таланттарды ерте жастан анықтап, олардың спорттық әлеуетін ашуға басымдық беріліп келеді. Мұндай жарыстар – өскелең ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ чемпиондардың қалыптасуына негіз болады.
Әсемдік пен дәлдік, нәзіктік пен қайсарлық қатар тоғысатын көркем гимнастика төрінде Батыс Қазақстанның жас өрендері енді елдік додаларда бақ сынамақ.
Жас спортшыларға сәттілік серік болсын! Ақтау мен Шымкенттегі чемпионаттарда облыс намысын абыроймен қорғап, биік ұпайлар мен жарқын жеңістерге жетулеріне тілектеспіз. Жеңіс жолындағы әр қадамы нық, әр белесі биік болғай!
Түгелбай Бисен





