
Сұлулық пен шеберлік тоғысқан дода
17.08.2026
Жайықтан Гуаякильге жеткен жеңіс: Батыс өңірінің тұңғыштары жалғасқан тарих
22.08.2026Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Төрт жылда бір ұйымдастырылатын ел көлеміндегі айтулы додаға еліміздің 18 өңірінен келген спортшылар қатысты.
Бұл – жай ғана жүлде сарапқа салынатын жарыс емес. Бұл жарыс қайсарлықты шыңдап, жігерді жанитын, спорттағы мүмкіндіктің шекарасы жоқ екенін көрсететін үлкен дода. Спартакиада бағдарламасына шахмат, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, таеквондо, футбол, еркін және грек-рим күресі енгізілген. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар, еліміздің барлық өңірінен келген барлығы 1500-ден астам спортшы қатысты.
Биылғы Спартакиаданың тағы бір мәні оның халықаралық аренадағы тарихи жетістіктерден кейін өтуінде. Есіңізде болса, былтыр Жапония астанасы Токио қаласында ұйымдастырылған XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп алып, 25 жүлдемен ел спорты тарихындағы айтулы нәтижелердің бірін көрсетті. Бұл жетістіктің артында спортшылардың маңдай тері, жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдау бар.
Бәсекенің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Дукетаев, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, Қазақстан Республикасы Ұлттық сурдлимпиада комитетінің құрметті президенті Сәуле Шакуова және сала ардагерлері мен құрметті қонақтар қатысты.
–Орал төрінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген сурдоспортшылар бас қосты. Бұл Спартакиада – спорттағы шеберлікті сынайтын ғана емес, ел бірлігін бекемдейтін маңызды дода. Сіздердің әрқайсыңыздың жарыс жолына шығуыңыздың өзінде үлкен ерлік пен табандылық жатыр. Ең бастысы – өз күштеріңізге сеніңіздер. Өйткені үлкен жеңіс алдымен адамның өзіне деген сенімінен басталады, – ашылу рәсімінде сөз алған деді Нұрлан Есембаев.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық сурдлимпиада комитетінің құрметті президенті Сәуле Шакуова спортшыларға ақжолтай тілегін жеткізді.
– Сурдлимпиадалық спорт – қайсарлықтың, төзімнің және жігердің айқын көрінісі. Осы жарысқа келген әр спортшы өзінің ғана емес, туған өңірінің де намысын арқалап тұр. Сіздердің жеңістеріңіз – кейінгі ұрпаққа үлгі. Сондықтан бұл Спартакиададан жаңа есімдер шығып, ертең халықаралық аренада Қазақстанның көк туын биікте желбірететін чемпиондар көбейе берсін, – деді Сәуле Шакуова.
Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов жарыстың Оралда өтуінің өңір үшін маңызына тоқталды.
– Жайық төрі бүгінде үлкен спорт додаларын қабылдайтын маңызды орталықтардың біріне айналып келеді. Ал сурдлимпиадалық спорт түрлерінен IV Спартакиаданың Оралда өтуі – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Еліміздің әр өңірінен келген спортшыларға барынша қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Жарыс барысында әр спортшы өзінің үздік нәтижесін көрсетуге мүмкіндік алады. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін,– деді басқарма басшысы.
Жарыстың алғашқы жүлделерін дзюдошылар сарапқа салды. Өңір намысын қорғаған Анастасия Тимошенкова — 70 кг салмақ дәрежесінде I орын иеленсе, Мүслім Сұлтанғалиев — 60 келіде, Азат Әжғалиев— 90 келі салмақ дәрежесінде екінші орын иеленді. Ал Алина Бақытжан 57 кг, Расул Елдос— 100 кг және Асия Кулиева— 78 кг салмақта III орынға табан тіреді. Сонымен қатар грек-рим күресі өкілдері де кім мықтыны анықтады. Бозкілемде өңір намысын қорғаған палуандар қоржынға үш медал салды. Жиенбек Кошанов — 60 кг салмақта сурдлимиада чемпионы атанса, Орхан Каримов — 87 кг салмақта II орын, Жалғас Арыстанов — 72 кг салмақта III орынға ие болды.





