
Қазақстанның Азия ойындарындағы жолы: жетістік пен жаңа сын
17.09.2026
ЖАҢАТАҢНАН ШЫҚҚАН ИВАН ТАРИХ ЖАСАДЫ
24.09.2026Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстанның Әнұраны шырқалып, көк байрағы көкке көтерілді. Каратэден 55 келі салмақта сынға түскен Жоламан Биғабыл қарсыластарының бәрін айқын басып озып, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Жамбыл облысының 2003 жылы туған Жоламан 16 жасында Оралға келіп, білікті бапкер Ринат Мерғалиевтің қол астында жаттыға бастаған. Содан бері жас каратэшінің ғұмыры спортпен тығыз байланысты. Табанды еңбек пен тынымсыз жаттығумен және үлкен жеңістерге деген жігермен өріліп келеді.
Бүгінде Жоламан – үш дүркін Азия чемпионы. Алайда Аичи–Нагоя төріндегі жеңістің жөні бөлек. Өйткені Азия ойындары – спортшы шеберлігінің ғана емес, ел намысының сыналар сәті. Жоламан осы жауапкершілікті терең сезініп, жарысқа үлкен мақсатпен шықты.
Ширек финалда ол Тәжікстан өкілі Мухсотуолло Муминовты 7:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда Индонезия спортшысы Мұхаммад Тегар Жануардан 6:1 есебімен басым түсті.
Ал шешуші сында Жоламан Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовпен жолықты. Алтын үшін өткен тартысты кездесуде жерлесіміз қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп Қазақстан құрамасының қоржынына алтын жүлде салды.
Бұл жеңістің артында жылдар бойғы маңдай тер, табандылық пен бапкерлік еңбектің салмағы жатыр. Жоламанның ұстазы Ринат Серікұлы Азиадаға шәкіртінің алдына бір ғана мақсат қойғанын айтқан еді.
-Біз Азиадаға тек алтын жүлде үшін бардық. Жоламанның дайындығы жоғары, оның мүмкіндігіне сендік. Жекпе-жекке шыққанда ел намысын бәрінен биік қою керектігін жақсы түсінді. Еңбектің өтеуі – осы алтын, – деді бапкер Ринат Мерғалиев.
Оралдың спорт мектебінен түлеп ұшқан Жамбылдың тумасы бүгінде Қазақстанның атын Азия төрінде асқақтатып отыр. Оның әр жеңісі – ел спортының өрісі кеңейіп, жас ұрпақтың арманын қанаттандыра түскенінің айғағы.
Жоламан Биғабылдың Аичи–Нагоядағы алтын жүлдесі – қазақ каратэсының абыройын асқақтатқан айтулы жеңіс. Татамиде төгілген тер мен ел намысы үшін жұмсалған қайраттың өтеуі – алтын медаль.
Жоламан Биғабыл – Азия ойындарының чемпионы!
Түгелбай БИСЕН,
Фото: Арлан Олжабай





