
Жоламан Биғабыл – Азия ойындарының чемпионы
21.09.2026
БҚО спортшысы әлем чемпионатында жүлдегер атанды
28.09.2026Жапонияның Айчи–Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары көк байрақты көкке көтеріп, ел спортының шежіресіне алтын әріптермен жазылар жеңістерге қол жеткізуде. Сол тарихи сәттің бел ортасында Батыс Қазақстан облысының тумасы Иван Чернухин де тұр.
Бәйтерек ауданына қарасты Жаңатан ауылынан түлеп ұшқан Иван Чернухин теміртаулық Владислав Яковлевпен тізе қосып, академиялық ескек есуден Азиаданың алтын медалін жеңіп алды. Олар Қазақстан тарихында осы спорт түрінен Азия ойындарының тұңғыш чемпиондары атанды!
Иванның жеңісі жаттығу залдарындағы сансыз сағаттың, жарыс жолындағы табандылықтың, жеңілістен кейін қайта тұра білудің жемісі. Ең бастысы, бұл – Батыс Қазақстанның қарапайым ауылынан шыққан баласының Азияның биік тұғырына дейін көтерілгенінің жарқын дәлелі.
Иванның спорттағы алғашқы қадамы қазіргі Бәйтерек ауданына қарасты Жаңатан ауылында басталды. Ол 2002 жылғы 4 маусымда бұрынғы Балаган ауылында дүниеге келген. Үш ағасы мен бір әпкесі бар көпбалалы отбасында өскен Иван үйдің кенжесі. Балабақшаға да, бастауыш мектепке де туған ауылында барды.
Иванның спорттағы бағы жануына ауылдасы, білікті бапкер Артем Бекмачевтің еңбегі айрықша болды. Өзі де осы ауылда дүниеге келген жаттықтырушы жас Иванның бойындағы қабілетті байқап, оны Орал қаласына алып келді. Осылайша ауыл баласының үлкен спортқа бастар жолы ашылды. 2014 жылы Иван Батыс Қазақстан облыстық спорт интернатына 7-сыныпқа оқуға түсіп, сол жерде білім алды. Оның алғашқы әрі жеке бапкері Артем Александрович Бекмачев болды.
Балалық шағында Иван қатарластарына қарағанда бойы тапалдау болды. Бірақ ширақ, алғыр, тентектеу мінезі де бар еді. Бойындағы сол бала мінездің астарында жеңіске деген жігер жатты. Уақыт өте келе еңбек пен тәртіп оның табиғи болмысына айналды. 9-сыныпта оқыпжүргенде Қазақстан чемпионатында төрттіктің құрамында қола медаль иеленіп, спорт шеберлігіне кандидат атанды.
10-сыныпта – Қазақстан чемпионы!
Осы сәттен бастап Иванның спорттық ғұмыры жаңа арнаға түсті. Кеше ғана ауылда доп қуып, қатарластарымен бірге өскен жасөспірім енді ел чемпионаттарының жеңімпазы атанып, ұлттық құрамаға қарай қадам басты. 2019 жылы Оралдағы спорт интернатын тәмамдаған Иван Қазан қаласындағы Поволжья мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және туризм университетіне оқуға түсті. Білім мен спортты қатар алып жүрген жас спортшы Ресейдегі студенттер арасындағы жарыстарда университетінің намысын қорғап, командалық есепте жеңістерге жетті.
Осы жылдары Иван Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан да берік орын алды. Жоғары нәтижелері оны Олимпиадалық резерв даярлау орталығынан ұлттық құрама деңгейіне алып келді. Сөйтіп, оның жарыс географиясы Қазақстан шеңберінен асып, халықаралық додаларға ұласты.
2023–2025 жылдары Иван қысқы чемпионатта Қазақстан рекордын жаңартты. Ал 2026 жылы өз рекордын жаңалап, спорттағы мүмкіндігінің жоғары тағы бір мәрте дәлелдеді.
Он екі жылдық спорттық жолында Иван Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Азия кубоктары мен чемпионаттарында бақ сынады, әлем чемпионаттары мен Дүниежүзілік универсиадаға қатысты. Жеңіс те болды, жеңіліс те болды. Бірақ әр жарыс, әр нәтиже оны бүгінгі тарихи жеңіске қарай бір қадам жақындата түсті.
Иван үшін білім де, спорт та қатар жүрді. Бакалавриатты аяқтап, магистратураға түсті. Алайда ұлттық құрамадағы жауапты дайындықтар мен халықаралық жарыстар оқуын уақытша тоқтатуға мәжбүр етті. Ал білімін аяқтау жоспары алда тұр.
Бірақ оның спорттық өміріндегі ең маңызды беттердің бірі Айчи–Нагояда жазылды.
Иван Чернухин мен Владислав Яковлев академиялық ескек есуден алтын медаль иеленіп, Қазақстан спортының жаңа тарихын жасады.
Қазақстан үшін академиялық ескек есуден Азия ойындарындағы алғашқы алтын!
Бұл алтынның салмағы бөлек.
Өйткені оның ар жағында Жаңатандай қарапайым ауылы тұр. Оның ар жағында баласының болашағына сенген отбасы тұр. Оның ар жағында Иванға алғаш рет ескек ұстатқан, үлкен спортқа жетелеген алғашқы бапкері Артем Бекмачев тұр. Оның ар жағында ондаған жылдық маңдай тер, мыңдаған шақырым жол, сансыз жаттығу, талай сын мен талай жеңіс тұр.
Батыс Қазақстанның топырағында туған бала бүгінде Азия төрінде Қазақстанның әнұранын шырқатты.
Бір кездері ауыл көшесінде бала болып жүгірген Иван енді ел тарихының бір бөлігіне айналды.
Бұл – бір спортшының ғана жеңісі емес.
Бұл – ауылдан шыққан арманның жеңісі.
Бұл – еңбек пен табандылықтың жеңісі.
Бұл – ұстаз бен шәкірттің жеңісі.
Бұл –Қазақстанның жеңісі!
Иван Чернухин мен Владислав Яковлев – тарих жасады! Ал тарих жасаған ердің алдында әлі талай асу бар.
Жеңісің баянды болсын, Иван! Туған еліңнің туын биіктете бер! Алда бұдан да биік белестер күтіп тұр!
Түгелбай БИСЕН
Фото: Нұрғали Жұмағазы





