
Криштиану Роналду: Жек көру мен жақсы көрудің арасындағы алтын көпір
24.06.2026
Қазақстан семсерлесу спорты тарихындағы үздік көрсеткіш
25.06.2026Үндістан астанасы Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді. Сапы сайысынан ел намысын қорғаған отандастарымыз 13 жылдан кейін қайтадан құрлық додасының жүлдегерлері атанды.
Қола медаль үшін өткен тартысты кездесуде Владислава Андреева, Ирина Бакалдина, София Николайчук және Дарья Самоделкина төрттігі Сингапур спортшыларын 42:39 есебімен жеңіп, үшінші орынға ие болды.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық семсерлесуші арулар Азия чемпионатында сапы сайысынан командалық жарыста тек 2013 жылы ғана қола жүлде иеленген еді. Осылайша, ұлттық құрама араға 13 жыл салып, құрлық біріншілігінің тұғырына қайта көтерілді.
Жарыс барысында қазақстандық спортшылар жоғары деңгейдегі өнер көрсетті. Алдымен 1/8 финалда Таиланд құрамасын 45:22 есебімен айқын басымдықпен ұтса, ширек финалда Азиядағы алпауыт командалардың бірі Жапонияны 45:42 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда Оңтүстік Корея құрамасына есе жіберді.
Айта кетерлігі, бұл Қазақстан құрамасының Дели төріндегі жалғыз жетістігі емес. Бұған дейін Азия чемпионатында ерлер құрамасы сапы сайысынан командалық сында алтын жүлде жеңіп алса, әйелдер арасында Ирина Бакалдина чемпион атанды. Сонымен қатар Руслан Курбанов қола медаль иеленсе, қылыш сайысында ерлер құрамасы үздік үштіктен көрінді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына бірнеше жүлде салды. Бұл нәтижелер еліміздегі семсерлесу спортының қарқынды дамып келе жатқанын айқын аңғартады.
Түгелбай Бисен





