
13 жыл күткен жүлде
24.06.2026
Сабина Құлымбетова самбодан Азия чемпионы атанды
25.06.2026Қазақстан семсерлесу спорты үшін биылғы Азия чемпионаты тарихи жетістіктермен есте қалды. Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен құрлық біріншілігінде ұлттық құрама соңғы жылдардағы ең табысты нәтижелерінің біріне қол жеткізіп, екі алтын және үш қола медаль еншіледі. Ең бастысы, Қазақстан тарихында алғаш рет ерлер мен әйелдер құрамалары бір мезетте жалпыкомандалық есепте Азияның үздік үш командасының қатарына енді. Бұл – отандық семсерлесудің жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын аңғартатын маңызды көрсеткіш.
Азияның үздік үштігіндегі Қазақстан
Нью-Делиде өткен құрлық додасы қазақстандық спортшылар үшін ерекше табысты болды. Жалпы бес медаль жеңіп алған құрама Азия чемпионатын Жапония мен Корея Республикасынан кейінгі үшінші орынмен аяқтады. Медаль сапасы бойынша Қазақстан Қытай мен Гонконг сынды семсерлесу дәстүрлі мықты құрамаларды артта қалдырды.
Бұған дейін ұлттық құраманың негізгі жетістіктерін ерлер арасындағы шпага сайысымен байланыстыратынбыз. Биыл әйелдер шпагасы мен ерлер қылышы да жоғары нәтиже көрсетті. Бұл қазақстандық семсерлесудің жекелеген бағыттарға ғана емес, барлық қару түрлерінде жүйелі түрде дамып келе жатқанын айқын көрсетті.
Қазақстан құрамасының медальдық қоржынына әйелдер арасындағы жекелей шпага сайысында Ирина Бакалдина алтын медаль салды. Ерлер арасындағы жекелей шпагада Руслан Курбанов қола жүлдегер атанса, ерлер құрамасы командалық шпагада құрлық чемпионы атанды. Сонымен қатар ерлердің командалық қылыш сайысында және әйелдердің командалық шпага бәсекесінде қазақстандықтар қола медаль иеленді.

Тарихқа енген жеңістер
Азия чемпионатындағы ең жарқын сәттердің бірі – Ирина Бакалдинаның тарихи жеңісі болды. Ол Қазақстан тарихында әйелдер арасындағы шпага сайысында Азия чемпионы атанған алғашқы спортшы ретінде есімін ел спортының шежіресіне жазды.
Сондай-ақ әйелдер құрамасының командалық шпагадағы қола жүлдесі соңғы он жылдағы ең үздік нәтиже саналады. Бұл жетістік елімізде әйелдер семсерлесуінің де жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартты.
Ал тәжірибелі спортшы Руслан Курбанов Азия чемпионаттарындағы мансабындағы үшінші жеке медалін жеңіп алды. Ол жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ерлер құрамасының командалық шпагадағы алтын медалі де ерекше маңызға ие. Себебі қазақстандық шпагашылар құрлық чемпионы атағын елге қайта алып келді. Ерлер қылыш құрамасының жүлдегерлер қатарына енуі де кездейсоқ нәтиже емес. Соңғы жылдары бұл бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстар өз жемісін бере бастады. Қазақстан Республикасының семсерлесу спортының мемлекеттік жаттықтырушысы Тимур Байтасов бұл нәтиженің тарихи маңызын ерекше атап өтті.
– Қазақстан тарихында алғаш рет ерлер мен әйелдер құрамалары Азияның үздік үш командасының қатарына қатар енді. Жалпыкомандалық есеп медальдардың сапасына қарай анықталды. Екі алтын жүлденің арқасында біз Қытай мен Гонконг құрамаларын басып оздық. Бұл елдегі семсерлесу спортының даму деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш, – деді ол Үндістандағы журналистерге берген сұхбатында.
Шынында да, бүгінгі жетістіктер кездейсоқ келген жоқ. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан семсерлесу федерациясы бірлесіп, саланы дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Осы кезеңде басты назар әлемдік деңгейдегі мамандарды тартуға, халықаралық әріптестікті кеңейтуге, жас спортшыларды қолдауға және бірнеше олимпиадалық циклге арналған сапалы резерв қалыптастыруға аударылды. Соның арқасында қазір ерлер мен әйелдер шпагасы әлемдік семсерлесудегі беделді мамандардың бірі саналатын жаттықтырушы-кеңесші Александр Горбачуктың жетекшілігімен дайындалуда.
Биылдан бастап рапира бағыты Олимпиада чемпионы Артур Ахматхузиннің қарамағына берілді. Ал ерлер қылышының жаңа даму кезеңі француз маманы Арно Шнайдердің жұмысымен тығыз байланысты.
Жаңа дайындық бағдарламасы аясында қазақстандық қылышшылар Францияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, Еуропадағы ең үздік семсерлесу мектептерінің тәжірибесін меңгеруде.
Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Писцов бұл жұмыстардың ұзақ мерзімді мақсаттарға бағытталғанын айтты.
– Біз әлемдік деңгейдегі мамандарды бір ғана турнир үшін шақырып отырған жоқпыз. Бұл болашаққа салынған инвестиция. Алдымызда әлем чемпионаты, Азия ойындары және жаңа олимпиадалық цикл тұр. Біздің мақсатымыз қол жеткізілген прогресті сақтап қана қоймай, ұлттық құраманың дамуын одан әрі жалғастыру, – деді бас бапкер.
Болашаққа бағытталған стратегия
Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Абуовтың айтуынша, бүгінгі нәтиже Федерацияның ұзақмерзімді даму стратегиясының тиімділігін айқын дәлелдеді.
– Мықты құраманы бір маусымда қалыптастыру мүмкін емес екенін жақсы түсіндік. Сондықтан мемлекетпен бірлесіп, жаттықтырушылық әлеуетті күшейтуге, жас спортшыларды қолдауға және үздік халықаралық мамандарды тартуға басымдық бердік. Бірнеше олимпиадалық циклге арналған жүйелі жұмыс жүргізілді. Бүгінде сол стратегияның нақты нәтижесін көріп отырмыз. Ең бастысы жетістік бірнеше сайыс түрінде қатар келіп отыр. Бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз, – деді федерация президенті.
Нью-Делидегі Азия чемпионаты Қазақстан семсерлесу спортының дамуындағы жаңа белес болды деуге толық негіз бар. Бес медаль, екі алтын жүлде және жалпыкомандалық есептегі үшінші орын ұлттық құраманың әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.
Енді қазақстандық семсерлесушілерді әлем чемпионаты мен Азия ойындары күтіп тұр. Құрлық біріншілігіндегі нәтижелер ұлттық құраманың алдағы ірі додаларда да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге толық мүмкіндігі бар екенін аңғартты.
Түгелбай Бисен
Материал Қазақстан семсерлесу федерациясының берген мәліметтер негізінде дайындалды





