
Оралда сурдлимпиадалық спорт түрлерінен ҚР-ның IV Спартакиадасы басталды
18.08.2026
Орал татамиінде елдің үздіктері белдеседі
22.08.2026Батыс Қазақстан – тарихы терең, тағылымы мол, талай «тұңғышты» дүниеге әкелген қасиетті өлке. Бұл – қазақ даласында еуропалық үлгідегі алғашқы мектептердің бірі ашылған, алғашқы қазынашылық қызмет жолға қойылған, шешекке қарсы вакцинация жасалған, ғылым мен өнердің талай саңлағы түлеп ұшқан мекен.
Бұл өлкенің топырағында тұңғыш генералдар дүниеге келді. Шәңгерей Бөкеев қазақ арасындағы алғашқы фотограф екені әмбеге аян. Ғалымдар мен ағартушылар шықты. Қазақ күресінде Еңсеп Досқалиев тұңғыш ресми «Түйе палуан» атағын иеленіп, ел спортының тарихына есімін жазғанын ел біледі.
Ал бүгін сол тарихтың алтын арқауы үзілмей, жаңа буынның жеңісімен жалғасып келеді.
Тамыздың 21-нен 22-не қараған түні 16 жастағы дзюдошы Фатима Сұпығалиева қазақ қыздары арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанып, тағы бір тарихи «тұңғыштың» авторы атанды.
Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында 52 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Оралдың жас спортшысы төрт қарсыласының төртеуін де алып ұрып, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Фатиманың жолы Люксембург өкілі Соукайна Морейраны жеңуден басталды. Кейін Мексика спортшысы Констанса Акоста Клаудионы, ширек финалда Аустралия өкілі Рика Хиросені, жартылай финалда Израиль өкілі Яли Яхавты ұтты.
Ал финалда оны Украина өкілі Ксения Кирильчук күтіп тұрды. Негізгі уақыт жеңімпазды анықтай алмады. Татами төріндегі тартыс Golden Score кезеңіне ұласты. Шешуші сәтте Фатима қарсыласына әдіс жасап, жеңісті жұлып алды.
Осылайша Қазақстан қоржынына кадеттер арасындағы әлем чемпионатындағы екінші алтын медаль түсті.
Бірақ бұл алтынның салмағы медальдің өзімен өлшенбейді. Өйткені бұл – тарихи алтын.
Фатима Сұпығалиева әлем чемпионатында қыздар арасында алтын медаль алған Қазақстанның тұңғыш дзюдошысы.
Спорттағы жолын гимнастикадан бастаған дзюдошы қыздың әкесі Алтынбек те көкесі Қазыбек те дзюдошылар. Алтынбек қызының палуан болғанын онша қаламапты. Бірақ Қазыбек көкесін ортаға салып, күрескісі келетінін әкесіне айтқан Фатима осы күні әлемнің үздік жас дзюдошысы атанып отыр. Күрес әліппесін әкесінің жанында ашқан қыз көп ұзамай, Алтынбек бауырымыздың шәкірті, жасөспірімдер арасындағы облыс құрама командасының аға жаттықтырушысы Ерлан Уналовтың қол астына өтті.
Бұл күндері Облыстық Спорт-мектеп-интернат-колледжіндеоқитын Фатиманың жеңісі кездейсоқтық емес. Бұған дейін де халықаралық жарыстарда бақ сынады. Жеңісті де көрді, жеңілістің ащы дәмін де татты. Әлемдік додада жетінші орын алған кезі де болды. Бірақ сәтсіздік оны тоқтатпады. Керісінше, қайрай түсті. Сондай қайсарлық пен табандылығының арқасында ол жасөспірімдер Азиадасын жеңіп алды. Еуропа кубогі және өзге де ірі жарыстарда жүлдегер атанды, чемпион болды.
Бүгін ол сол еңбектің жемісін әлем алдында көрсетті.
Өңір тарихына үңілсек, мұндай «тұңғыштардың» әрқайсысы өз дәуірінің биігін белгілегенін көреміз.
1841 жылы Жәңгір ханның бастамасымен Бөкей Ордасында қазақ даласындағы еуропалық үлгідегі алғашқы мектептердің бірі ашылды. Бұл – білімге басталған батыл қадам еді.
1826 жылы Ордада шешекке қарсы алғашқы вакцинация жұмыстары жүргізілді. Қазақ арасынан шыққан Сырлыбай Жәнібеков арнайы оқудан өтіп, ел ішінде екпе жасау ісіне үлес қосты.
1840 жылы Бөкей Ордасында тұңғыш ветеринарлық бөлім ашылып, мал ауруларына қарсы күрес пен тәжірибелік жұмыстар қолға алынды.
Бұл өлкеден ел басқарған қайраткерлер, ғылымға жол салған ғалымдар, өнер мен әдебиеттің алыптары шықты. Ғұбайдолла Жәңгіров пен Шәкір Жексенбаев секілді қазақтан шыққан алғашқы генералдар ел тарихында өз ізін қалдырды.
Ал спортта Еңсеп Досқалиевтің есімі ерекше аталады. 1939 жылы қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында абсолютті чемпион атанып, ресми тіркелген тұңғыш «Түйе палуан» атағын иеленген ол ел спортының шежіресіне есімін жазды.
Енді осы тізімге жаңа есім қосылды. Оның аты Фатима Сұпығалиева.
Оның есімі – қазақ қыздары дзюдосындағы тұңғыш әлем чемпиондығымен тарихта жазылды.
Бір қарағанда, ғасырлар арасын жалғау қиын секілді. Жәңгір хан дәуірі мен бүгінгі әлемдік спорт аренасының арасында тұтас бір дәуір жатыр. Бірақ олардың арасын жалғап тұрған бір ғана құндылық бар. Ол – алға ұмтылу. Білімде – алғашқы болу. Ғылымда – жаңалық ашу. Ел басқаруда – жауапкершілік алу. Спортта – шекараны бұзу.
Өңір тарихындағы әр «тұңғыш» – кейінгі ұрпаққа жол ашқан тұлға. Фатиманың жеңісі де дәл сондай. Бүгін ол тек әлем чемпионатының алтынын алған жоқ. Ол қазақ қыздарының дзюдосында жаңа белес ашты. Ертең бұл жолмен жүздеген қыз жүруі мүмкін. Бірі Азия чемпионы, бірі әлем чемпионы, енді бірі Олимпиада чемпионы атануы ықтимал.
Ал сол жолдың алғашқы алтын ізін 16 жастағы Оралдың өжет Фатима Сұпығалиева қалдырды.
Кеше Бөкей Ордасында қазақ баласына білімнің есігі ашылса, бүгін Жайықтың жағасынан шыққан қазақ қызы әлемдік спорттың төріне жол салды. Тарих осылай жалғасады.
Бір дәуірдің тұңғышы – келесі дәуірдің бастауы.
Жайықтың жағасында туған Фатиманың жеңісі – бір спортшының ғана жеңісі емес. Ол бабалардан қалған қайсарлықтың, намыстың, жігердің бүгінгі ұрпақ бойында қайта жаңғырғанының белгісі.
Фатима, сенің жеңісің – бүгінгі күннің қуанышы ғана емес, ертеңгі чемпиондардың жолына жағылған шам.
Жайықтан басталған жол әлем төріне жетті.
Ал бұл жолдың енді ғана басталғаны анық.
Түгелбай БИСЕН





