
Нұрсұлтан Нұриденов халықаралық турнир жүлдегері атанды
29.05.2026
Ардақты бапкер рухына тағзым
03.06.2026Қазақ футболы соңғы жылдары тек ішкі біріншіліктер мен ұлттық құраманың нәтижелері арқылы ғана емес, шетелде өсіп келе жатқан жас буын таланттарымен де назар аударта бастады. Әлемдік футболдың даму үдерісіне көз жүгіртсек, бүгінде көптеген ел болашағын сапалы академиялар мен жүйелі дайындыққа негіздеп отыр. Бұл үрдістен қазақстандық жас ойыншылар да шет қалып жатқан жоқ.
Қазір Еуропаның беделді клубтары мен футбол академияларында бірнеше қазақстандық жасөспірім шеберлігін шыңдап жүр. Олардың әрқайсысы үлкен футболға апарар күрделі жолдың алғашқы баспалдақтарын еңсеріп келеді.
Солардың бірі – Португалиядағы «Бенфика» клубының жүйесінде өнер көрсететін Шыңғыс Әликеев. Соңғы жылдары оның есімі футбол мамандары арасында жиі аталады. Бұған дейін бірқатар клубтың назарында болған жас футболшыға дәл «Бенфика» сенім білдіріп, өзінің даму бағдарламасына қосты. Өткен маусымда командасының чемпиондыққа жетуіне үлес қосқан ойыншы биыл да қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Мамандар оның жылдамдығын, дриблингін және шабуылды ұйымдастырудағы шеберлігін ерекше бағалайды. Жас таланттың Еуропадағы беделді агенттікпен келісімшарт жасауы да оның әлеуетіне деген сенімнің жоғары екенін аңғартады.
Испаниядағы қазақ футболының болашағы ретінде бағаланып жүрген ойыншылардың бірі – Ғабидолла Оразалы. Қазір ол «Валенсия» академиясында білім алып, өз жасындағы үздік ойыншылардың қатарынан көрінуде. Әмбебап шабуылшы осы маусымда жиырмадан астам гол соғып, командасының табысты нәтижелеріне елеулі үлес қосты. Әсіресе, Испанияның жетекші клубтарының академияларына қарсы кездесулердегі өнері мамандардың назарын аударған.
Ал Бельгияда өнер көрсетіп жүрген Шахмұрат Дәулетовтің де даму қарқыны жоғары. Түркиядан кейін «Генк» клубының жүйесіне ауысқан қазақстандық футболшы қысқа мерзім ішінде жастар командасының негізгі ойыншыларының біріне айналды. Биылғы маусымда сегіз гол соғып, төрт нәтижелі пас берген ол өзінен жоғары жас санатындағы командаларда да өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар УЕФА Жасөспірімдер лигасындағы дебюті оның кәсіби деңгейге жақындап келе жатқанын көрсетеді.
Қазақ футболының болашағы туралы сөз болғанда, оралдық Карим Мендихановтың есімін атамау мүмкін емес. Испаниялық ақпарат құралдары оны «қазақ бриллианты» деп сипаттай бастады. Футболдағы алғашқы қадамын туған жері – Орал қаласында жасаған Карим кейін Испанияға қоныс аударып, сондағы футбол ортасына тез бейімделді. Бүгінде оған «Бетис», «Севилья», «Вильярреал» және «Жирона» секілді клубтардың қызығушылық танытуы оның талантының айқын дәлелі. Бапкерлер жас ойыншының алаңдағы шешім қабылдау қабілеті мен ойын өрісінің кеңдігін ерекше атап өтеді.
Испанияның «Леванте» клубы жүйесінде де қазақстандық жастардың ізі қалыптасып келеді. Алдияр Нұрғали резервтік команда сапында тұрақты түрде жаттығып, жастар жарыстарында нәтижелі ойын көрсетіп жүр. Ал орталық қорғаушы Шыңғыс Қалиев негізгі құрам ойыншыларының біріне айналып үлгерген. Ол Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы сапында да тәжірибе жинақтаған.
Болашағынан зор үміт күттіретін тағы бір ойыншы – Сәлім Хасанов. Ол Испанияға барғаннан кейін қысқа уақыт ішінде «Вильярреал» клубының құрылымына қабылданып, Еуропадағы ең үздік академиялардың бірінде кәсіби даярлықтан өтуде.
Бұл жастардың тағдырын тоғыстыратын ортақ құндылық – кәсіби дамуға деген ұмтылыс. Олардың көпшілігінің ата-анасы балаларының болашағы үшін ел ауыстырып, жаңа ортаға бейімделу секілді күрделі шешім қабылдаған. Мұның өзі қазіргі заман футболында табысқа жетудің қаншалықты жүйелі еңбек пен жанкештілікті талап ететінін көрсетеді.
Бүгінде қазақстандық жас ойыншылар әлемдік деңгейдегі футболшылар тәрбиелейтін академияларда білім алып жатыр. Бұл – қазақ футболы үшін маңызды үрдіс. Егер осы бағыттағы жұмыс жүйелі жалғасын тауып, таланттардың дамуына қажетті жағдай жасалса, алдағы жылдары ұлттық құрама сапына еуропалық футбол мектебінен өткен жаңа буын келуі әбден мүмкін. Демек, қазақ футболының болашағы тек бүгінгі нәтижемен емес, дәл қазір Еуропада шыңдалып жүрген осы жас таланттардың жетістігімен де өлшенеді.
PINUPSPORT.KZ МАТЕРИАЛЫ НЕГІЗІНДЕ ДАЙЫНДАЛДЫ





