
Оралда дзюдодан әлем чемпионы Фатима Сұпығалиеваға пәтер берілді
31.08.2026
Көшпенділер дүбірінде Батыс Қазақстанның төрт жүлдесі
07.09.2026Оралда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Жайық жағасында жалауы желбіреген ел біріншілігінің ашылу салтанаты «Жайық Арена» спорт кешенінде өтті. Оған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов жаттықтырушылар, спортшылар мен спорт жанашырлары қатысты.
Ел көлеміндегі айтулы спорт додасының Батыс Қазақстанда өтуі – өңірдің спорттық әлеуетіне берілген бағаның бір көрінісі. Өйткені татами төрінде Қазақстанның әр аймағынан іріктелген үздік балуандар бас қосып отыр. Биылғы чемпионатқа 17 облыс пен 3 ірі қаладан 600-ге жуық дзюдошы қатысуда.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев ел біріншілігінің Жайық өңірінде өтуі – жергілікті жұртшылық үшін зор мәртебе екенін атап өтті.
– Дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының дәл біздің облысымызда өтіп жатқаны – облыс жанкүйерлері үшін зор мәртебе. Бұл – Жайық өңірінің спорт саласындағы әлеуетінің, инфрақұрылымының және дзюдо спортына қосқан үлесінің айғағы, – деді облыс әкімі.
Шын мәнінде, кейінгі жылдары Батыс Қазақстанда спорт инфрақұрылымын дамытуға, бұқаралық спортты өркендетуге және жас өрендердің үлкен спортқа қадам басуына мүмкіндік жасауға айрықша көңіл бөлініп келеді. Оның нәтижесін өңір спортшыларының жетістігінен де аңғаруға болады.
Жуырда ғана Эквадорда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Оралдың жас өрені Фатима Сұпығалиева тарихи жеңіске жетіп, қазақ қыздары арасынан дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Бұл – Жайық өңірі үшін ғана емес, тұтас қазақ спорты үшін айрықша оқиға.
Батыс Қазақстан дзюдосының мектебі бұған дейін де талай талантты түлетті. Нұрлан Исатаев жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленсе, ересектер арасындағы ұлттық құрама сапына еніп, Grand Slam додасында жүлдегер атанған, ел чемпионы Аңсарбек Ғайнуллин де – осы өңірдің тумасы. Қазір олардың ізін Қадырбай Мырзатай, Данил Крылов, Айшабибі Мұрадымова сынды жас спортшылар жалғастырып келеді. Ал сурдолимпиада додасында жүлдеге ие болған Анастасия Тимошенкованың жетістігі де өңірдегі дзюдо мектебінің тынысын танытады.
Соңғы бес жылда дзюдодан түрлі жастағы Қазақстан чемпионатының төрт рет Батыс Қазақстанда ұйымдастырылуы да тегін емес. Бұл – өңірде дзюдоның бұқаралық спорт ретінде қалыптасып, кәсіби бағытта жүйелі дамып келе жатқанын аңғартатын көрсеткіш.
Облыс басшысы өз сөзінде қазақ дзюдосының ел спортының тарихындағы орнына да тоқталды.
– Қазақ дзюдосы – Олимпиада, әлем және Азия чемпиондарын дүниеге әкелген, көк байрағымызды талай рет асқақтатқан үлкен мектеп. Бүгінгі татами төріне шыққан жас спортшылардың арасынан да ел намысын әлемдік аренада қорғайтын жаңа есімдер шығатынына кәміл сенемін, – деді Нариман Төреғалиев.
Әкім спортшыларға жеңіс жолында табандылық танытып, ел намысын абыроймен қорғауға тілектестік білдірді. Сонымен бірге жаттықтырушылар мен төрешілерге алғысын жеткізді.
Салтанатты рәсімнің ең әсерлі сәттерінің бірі – әлемдік татамиде ел мерейін асырған жас чемпион Фатима Сұпығалиеваға құрмет көрсету болды.
Эквадордағы әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан Фатимаға Батыс Қазақстан облысының әкімі пәтердің кілтін және 3 миллион теңге көлеміндегі сыйақыны табыстады. Ал чемпионды дүбірлі додаға дайындаған бапкерлері Алтынбек Сұпығалиев пен Ерлан Уналовқа 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Сонымен қатар өңір дзюдосын дамытуға өз үлесін қосып жүрген БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиевке Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің «Спорт саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Бұл – жеңіске ғана емес, сол жеңіске жеткізген тынымсыз еңбекке көрсетілген құрмет. Спорттағы әр биіктің артында спортшының табандылығы мен бапкердің маңдай тері жататыны белгілі.
Салтанатты жиында Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев те сөз алып, Жайық төрінде өтіп жатқан ел чемпионатының маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін біз Орал қаласында қазақ дзюдосының жақын болашағын айқындайтын маңызды жарыстың куәсі болып отырмыз. Қазақстан чемпионаты – жай ғана жүлде сарапқа салынатын дода емес. Бұл – спортшының өз деңгейін танытып, ұлттық құрамаға жолдама алатын, ел намысын халықаралық аренада қорғауға мүмкіндік беретін үлкен белес. Сондықтан татамиге шыққан әр спортшы үшін бұл жарыстың жауапкершілігі жоғары, – деді Қуанышбек Есекеев.
Федерация басшысы Батыс Қазақстандағы дзюдо мектебінің соңғы жылдардағы жетістігіне оң баға беріп, өңірден халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын спортшылардың көптеп шығуына тілектестік білдірді.
– Батыс Қазақстанда дзюдоға деген қызығушылық жоғары. Мұны жас спортшылардың нәтижесінен, бапкерлердің еңбегінен және жарыстардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуынан көріп отырмыз. Фатима Сұпығалиеваның тарихи жеңісі – соның жарқын дәлелі. Оның жетістігі мыңдаған жасқа жігер беріп, татамиге жаңа буынның келуіне жол ашады деп сенеміз. Бүгінгі чемпионатта да жаңа есімдер танылады деп күтеміз, – деді ол.
Сондай-ақ Қуанышбек Бақытбекұлы спорт саласының ардагері Мұрат Тілегеновтің 80 жасына орай ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың құттықтау хаты тарту етілді.
Айта кетейік, ел чемпионатында ерлер мен әйелдер арасындағы 14 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталады. Төрт күнге созылатын жарыс 1 қыркүйекте мәресіне жетеді.
Ел чемпионатының маңызы мұнымен шектелмейді. Татами төрінде топ жарған спортшылар алдағы халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алады. Демек, Оралдағы әр белдесу – спортшының жеке жеңісі үшін ғана емес, қазақ дзюдосының келешегі үшін маңызды.
Жайық жағасында басталған ел біріншілігі – жаңа чемпиондарды анықтайтын дода. Бәлкім, дәл осы татамиде ертең әлемдік аренада Қазақстанның көк туын көкке көтеретін жаңа есімнің жұлдызы жанар.
Ал бүгін олардың барлығына ортақ бір ғана мақсат бар. Ол – жеңіс тұғырына көтерілу және ел намысын абыроймен қорғау.





